7 сәбиді өлтірген медбикеге үкім шықты
7 нәрестені өлтірген медбикеге Англия соты жаза кесті.
Люси Летби өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Қылмыскер 1 жыл ішінде осынша нәрестенің тамырына шприцпен ауа жіберіп, жан тәсілім еткен. Оқиға 2015-ші жылдың маусымы мен 2016-шы жылдың маусымы аралығында Честер ауруханасында болған. Қаскөй медбикенің бұл 7 сәбиден бөлек, тағы алтауын өлтіруге әрекет қылғаны да дәлелденді.
Сот процесі Ұлыбритания қоғамында көп талқыланған іс болды. Тергеу барысында ағылшындар мақтан тұтатын Ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің біраз кемшілігі анықталды. «Егер аурухана басшылығы дер кезінде дәрігерлердің ескертулеріне құлақ асқанда, жазықсыз бүлдіршіндердің өмірін сақтап қалуға болар еді», - дейді тергеушілер.
Никола Эванс, Чешир полициясының аға инспекторы:
- Бұл іс бойынша тергеу 2017 жылдың мамыр айында басталды. Сол кезден бері жүздеген куәгерден жауап алдық. Олардың көбісі бірнеше рет сотқа келіп, әділдік орнатуға үлес қосты.
2015 жылдың жазында 3 нәресте шетінеген. Ал Люси Летби қайғылы оқиға болған күндері перзентханада кезекшілік еткені анықталды. Алайда сол кезде ешкімнің ештеңеге күдігі болмаған. Тек қазан айында бөлім жетекші Стивен Брир медбикенің жұмысын сынап, аурухана басшылығына шағым айтады. Алайда соңғылары еш шара қабылдамайды. Тіпті мекеме атына кір келтірмеу үшін, дәрігерлерге бұл жөнінде үндемеуге бұйырған. Осыдан кейін Летби тағы да бес перзентті өлтіруге әрекет жасады. Оның екеуі көз жұмған. Қалған үшеуіне өзге дәрігерлер дер кезінде көмек көрсетіп, жандарын сақтап қалған.
Паскаль Джонс, аға прокурор:
- Көп адам ұзақ уақыт армандаған балаларынан айырылды, аман қалған сәбилердің денсаулығына да зиян келді. Люси Летби өзіне артылған сенімді ақтамай, мамандығына опасыздық жасады.
Люси Летби кезекшілік еткен кезде тағы да 6 сәби шетінеген еді. Алайда алқабилер оны бұл өлімдерде айыптауға дәлел жеткіліксіз деп шешті. Летби Ливерпуль қаласының ауруханасында жұмыс істегенде 2 нәресте қайтыс болғаны белгілі. Полиция сол оқиғаларды да тергей бастады. Тәртіп сақшылары медбикенің үйін тінтігенде күнделігін тапқан болатын. Онда Люси Летби «Мен оларды әдейі өлтірдім, өйткені қамқоршы болатындай, жақсы адам емеспін. Мен жауызбын» деп жазған екен.
Аурухана басшылығы нәрестелердің өлімі жөнінде дер кезінде хабар бермеген. Ұлыбритания үкіметі медбикеге үкім шыққаннан кейін, тәуелсіз тергеу жүргізуді бұйырды. Оның барысында аурухана әкімшілігі мен жалпы Ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің іс-әрекеті тексеріледі. Өйткені осы тектес оқиға 2017 жылы Гэмпшир ауруханасында тіркелді. Дәрігерлердің салғырттығынан 450 науқас қайтыс болды. Ақ халаттылардың ауырған жерді басатын дәріні шамадан тыс бергені анықталды. Бұл іс бойынша тергеу әлі жалғасып жатыр.
Авторы: Бекболат Тұрмаханов