Тбилисиде Halyk Group басшылары бас қосты
Қаржы институты өзінің Грузиядағы еншілес компаниясы арқылы осы елдегі ірі жобаларды қолдап, дамытуға дайын.
Екі ел арасындағы алыс-берістің артып жатқанын ескерсек, бұл - экономикалық байланысты одан әрі нығайтуға ықпал етеді. Тағы бір айта кетерлігі, Грузия Халық компаниялар тобы қолданатын халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейді.
Қазақстанның ірі қаржы институты саналатын Халық банктің директорлар алқасы алғашқы жартыжылдықты қорытындылады. Жиында «Халық Банк Грузия»-ның қызметі де сөз болды. 6 айдың нәтижесі бойынша банктің активтері 300 миллион доллардан асады. Ал жеке капиталы 63 миллион долларды құрайды. Таза табыс былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға жоғары.
Үміт Шаяхметова, «Halyk Bank» басқарма төрайымы:
- Біз Қазақстан мен Грузия арасындағы байланыс аясы кеңейіп жатқанын көріп отырмыз. Ол туристік ағынға да, сауда ағынына да қатысты. Қазір көлік жолдары мен логистиканы дамыту, ірі хабтар құру жөнінде ауқымды жобалар талқылану үстінде. Осы бағыттар клиенттеріміз тарапынан үлкен сұранысқа ие. Қазақстан Халық банкі инвестиция салып, вагондар мен ірі жүк көліктерін сатып алуға мүмкіндік жасап жатыр.
Қазақстандық банк басшылығы Грузияда жүзеге асырылып жатқан реформалар мен заңнамаларға, басқару жүйесіндегі ілгерілеуге жоғары баға беріп отыр. Елдегі бәсекелестікке қарамастан, «Halyk Bank Грузия» бүгінде жоғары рейтингке ие. Мұның бәрі негізгі компанияның тәжірибесі мен елеулі қаржылық қолдауының арқасы. Тамыз айында «Halyk Bank Грузия» одан әрі дамуға 11 миллион доллар инвестиция алды.
Николоз Гегучадзе, «Halyk Bank Грузия» бас директоры:
- Халық групп мүшесі болу – бір жағынан өте зор жауапкершілік. Екіншіден, үлкен мүмкіндік ашады. Жалпы Грузия экономикасы айтарлықтай үлкен болмаса да, ел нарығы, соның ішінде банк нарығы жақсы дамыған деуге болады. Бәсекелестік өте жоғары.
«Halyk Bank Грузия» түрлі бағытта дамып келеді. Корпоративті клиенттер мен жеке тұлғаларға, сондай-ақ шағын және орта бизнеске де қызмет көрсетеді. Ендігі мақсат - цифрлық қосымшаны дамыту.
Авторы: Юлия Тужилкина