Меккеге екінші рет велосипедпен барып қайтты
Жезқазған қаласының тумасы қасиетті Мекке қаласына екінші рет велосипедпен барып қайтты.
Қажылық сапардан қажымаған Талғат Жұмабеков елге тамыз айының басында оралған. Осылайша қайсар қазақ әлемді аралап, елімізді көпке насихаттап жүр. Саяхатшы осы күнге дейін қанша елде болды? Алған әсері қандай?
Талғат Жұмабеков продюссерлік орталықта жұмыс істеген. Тіпті хореограф та болған. Артынша дүниежүзін шарлағысы келген екен. Осылайша мұсылман үшін қасиетті Меккенің топырағын басу басты арманы болыпты. Бірақ өзгелер сияқты айшылық алыс жерге ұшақпен жедел жете салмай, мыңдаған шақырымды велосипедпен еңсеруге бел буған.
Еркін Жабағинов, Талғаттың досы:
- Баяғы кездері жиhанкездер жылқы, атпенен жаяу барған. Сөйтіп біраз қиыншылықтарды көріп, сондай жетістіктерге жетіп отырған. Қазір ондай жағдай жоқ қой. Ұшақпен бәрі барып жүр деп, өзін сынағысы келді ғой. Сонда мен айтқам: велосипедпен бар деп. Жәй әзіл ретінде айтқам. Соны ол қағып алды да, велосипедпен кетті ғой сатып алып өзі.
Жиhанкездің басты мақсаты – әлемді көріп қана қоймай, Қазақстанды көпке таныту. Тіпті велосипедіне көк туымызды орнатып алған. Осылайша сапар аясында жергілікті тұрғындарға еліміз туралы айтып, оларды Қазақстанға келуге шақырады. Бүгінгі күнге дейін Талғат 63 мыңнан астам шақырымды еңсерген. Әлемнің 49 елінде болған.
Талғат Жұмабеков, саяхатшы:
- Маған Орталық Америка қатты ұнады. Мексика, Гватемала, Колумбияда да болдым. Аңғарғаным, адамдары қарапайым әрі мейірімді. Әркез көмектесуге дайын тұрады.
Биыл Талғат қасиетті Меккеге екінші мәрте қажылыққа барып келді. Тек бұл жолы сапарын Алматы қаласынан емес, Каирдан бастады. Елге тамыз айының басында оралған. Енді міне балалық шағы өткен Жезқанғанға да жетті.
Ал болашақта белін бекем буып қос дөңгелекті көлігімен Оңтүстік Америкаға аттанбақшы.