Әлем елдерінде ауа райы құбылып тұр. Шартарап
Бір елде аптап ыстық соңы нөсерге ұласса, енді біріне алапат құйын қаупі төнген.
Флоридада алапат құйын жүруі мүмкін. Осыған байланысты штаттың 33 округында төтенше жағдай режимі жарияланды. Ұлттық дауыл орталығы келтірген мәліметке сәйкес, Мексика шығанағында басталған "Идалия" дауылы бірте-бірте күш алып, сәрсенбі күні Флорида жағалауына жетеді. Қазір ол Мексиканың Косумель аралынан 130 шақырым жерде.
Испанияда аптап ыстықтың соңы жаңбырға ұласты. Төпелеп жауған жаңбыр тіпті рекордтық мөлшерге жеткен. Майорка аралында дауыл да соғып жатыр. Екпінді желден ағаштар құлап, ғимараттарға зақым келді. Бірнеше азаматтың зардап шеккені де белгілі. Жағалауда жүрген екі баланы жел әкетсе, бір әйелге жол белгісі құлаған. Тағы бір кісі із-түзсіз жоғалып кеткен. Қазір аталған аралда барлық жағажай жабық тұр. Көлік қозғалысы тоқтаған.
Германияның Бавария аймағы да табиғаттың тосын мінезінен зардап шегіп жатыр. Өңірде диаметрі 8 миллиметр болатын бұршақ жауып, жел соқты. Соның салдарынан көліктер мен ғимараттарға айтарлықтай зақым келген. Шатыры ұшып кеткен нысандар да бар. Осындай ахуалға байланысты бірқатар өңірде төтенше жағдай режимі жарияланды. Әзірге зардап шеккендер жайлы ақпар жоқ.
Қытайдың бірнеше өңірінде толассыз жауған жаңбыр ел азаматтарын әбігерге салып жатыр. Көлік қозғалысы қиындап, пойыздар кестеден кешіге бастаған. Билік өкілдерінің айтуынша, мұндай қарқынмен елде су тасқыны мен лай көшкіні жүруі мүмкін. Хэнань провинциясындағы метеоролгиялық обсерватория мамандары нөсерге байланысты қауіптің сары деңгейін жариялады.