Әлемде электромобильдерге сұраныс көбейді

Қытай бірлестіктері Еуропаның көлік нарығынан неміс алпауыттарын ығыстыра бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сарапшылар бұған тіпті «қытайлық жылдамдық» деп те айдар таққан.

Неміс көліктері жылдар бойы озық технология, жайлылық және қауіпсіздік символы болған еді. Бірақ соңғы уақытта Қытай бірлестіктері ғаламдық бәсекелестікте германиялық компанияларды оза бастағандай. Сарапшылардың пікірінше, Қытай көлік державасына айналып жатыр. Оған Мюнхендегі Халықаралық автосалон дәлел. Биыл ауқымды көрмеге қатысушы қытайлық компаниялар жылдағыдан 2 есе көп.  

Джеймс Эттвуд,  Autocar журналының редакторы:

- Қазір әлемде ең ірі электрмобильдер нарығы Қытайда. Еуропа да біртіндеп электр қуатымен жүретін көліктерге көшіп жатыр. Бұл қытайлық компаниялардың дамуына жол ашты. Нәтижесінде енді танымал брендтердің қасынан осы мемлекетте шығарылған темір тұлпарларды жиі көруге болады.

Еуроодақта 12 жылдан кейін бензинмен жүретін көлік шығаруға тыйым салынбақшы. Бұл Қытай концерндерінің кәрі құрлық нарығына ден қоюына себеп болды. Неміс алпауыттары электромобиль саласын дамытуға енді-енді көшіп жатса, қытайлық бірлестіктер электрокарлардың түр-түрін ұсынуға дайын. Сапасы мен бағасы да көптің көңілінен шығады.

Олаф Шольц, Германия канцлері:

- Бұрын нарықта жапон, корея көліктері басым еді. Қазір қытай электромобильдері жаулап жатыр. Бірақ бұл салада Германияның бәсекелестікке қабілетті, жетекші көлік шығарушы ел екеніне шүбә келтірмеу керек.

Соңғы айларда неміс бірлестіктерінің көлік шығару көлемі 3,5%-ке төмендеген. Сарапшылардың пікірінше, бұған электр энергиясы мен шикізаттардың қымбаттауы себеп. Осыған байлансты жергілікті компаниялар жаңа зауыттарын шетелдерде салуға көшкен. Кей мамандар бұл германиялық алпауыттардың «рекордтық кіріс дәуірі» аяқталып қалғанын білдіреді дейді.   

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Жанна Құсайынова.