Ресейде кадр тапшылығы тіркелді
Ресей экономистері елде кадр тапшылығының тіркелгенін айтты.
Кәсіпорындардың жартысы жұмысшы іздеумен әлек. Оған демографиялық жағдай мен кейбір мамандықтардың заман талабына сай еместігі себеп.
Дана Нұржан, тілші:
- Ресей өнеркәсібінің қазіргі басты мәселесі – маман тапшылығы. Гайдар атындағы экономикалық саясат институтының зерттеуі бойынша, жергілікті кәсіпорындардың 42%-інде кадр жетіспейді. Мұндай жағдай соңғы рет 1998 жылы тіркелген, - дейді сарапшылар. Орталық банк жүргізген еңбек нарығының мониторингіне сәйкес жұмысшы тапшылығы сумен жабдықтау, тау-кен өндіру, көлік-логистика саласында байқалады.
Ресейде 2015 жылдан бері туу көрсеткіші төмендеп, халық саны азайып барады. 2021 жылы ресейліктердің саны бір миллион адамға, былтыр тағы да 600 мыңға кеміді.
Владислав Жуковский, экономист:
- Өлім-жітім көрсеткіші туу көрсеткішінен 1,5 есе жоғары. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, 52% ер адамдар зейнет жасына яғни 65-ке дейін жетпей өмірден өтеді. Мемлекеттің бар үміті – мигранттар. Жыл сайын жұмыс іздеп, Ресейге миллиондаған адам келген еді. Бірақ доллар бағамы жыл басындағы 70 рубльден 100 рубльге дейін өсті. Яғни, мигранттардың ұлттық валютамен есептегендегі табысы 30%-ке, тіпті 40%-ке азайған. Сондықтан қазір мигранттар Ресейге жұмысқа келуге аса құштар емес.
Бұл жағдайда жұмыс беруші жалақыны көтеруі тиіс. Алайда оның еңбек нарығына әсері шамалы, - дейді экономистер.
Марсель Салихов, Энергетика және қаржы институтының президенті:
- Қазіргі уақытта Ресейде жұмыссыздық көрсеткіші рекордтық төмен деңгейге түсті. Не болса да, нарық маман тапшылығына біртіндеп бейімделіп жатыр. Дегенмен егер жалақының өсуі өндірістің өсуімен сәйкес келмесе, онда бұл инфляцияға әкеліп соғады. Ал инфляция жалақының өсуін жоққа шығарады.
Жаңа технология дамыған заманда мектеп бітірушілер көне мамандықтарға барғысы жоқ. Бұл да кадр саясатына кері әсерін тигізіп отырғанға ұқсайды.