Мароккода зілзала зардабымен күрес жүріп жатыр

Жер сілкінісінен 2 862 адам опат болды.

12-ші ғасырда салынған, ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасы тізіміне енген Марракеш қаласы да ішінара қирады.

Бұл Марракештегі ең танымал тарихи орынның бірі – Кутубия мешіті. Зілзала салдарынан оның көп бөлігі қирап қалды. Сонымен қоса, ескі шаһарды қоршап тұрған қабырғаның да бір бөлігі опырылып түсті. Дәмдеуіштер базары, тері илеу зауыты, музыканттар отыратын мына алаң да енді бұрынғыдай болмайды. ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра комитеті Марракештегі залалды бағалау бойынша Мароккоға алғашқы миссия жіберілгенін хабарлады.

Эрнесто Оттоне Рамирес, ЮНЕСКО бас директорының мәдениет жөніндегі орынбасары:

- Ең алдымен, ЮНЕСКО-ның атынан біз Мароккодағы қорқынышты жер сілкінісіне байланысты көңіл айтамыз. Сенбі күні біз ЮНЕСКО-ның алғашқы миссиясын Марракешке жібердік. Оның мақсаты - тарихи ғимараттарға келтірілген залалды бағалау. Кейбір дереккөздер Дүниежүзілік мұраның индикативті тізіміне енгізілген Кутубия мешіті қатты зақымданғанын көрсетеді. ЮНЕСКО Марокко билігін кез- келген жолмен қолдауға дайын.

Кутубия мешіті – Марракештің символы және сәулет эталоны болса, Марракеш Мединасы аталған ескі қала - туристер арасында ең танымал болды. Бір сөзбен айтқанда Марокконың мақтанышы еді. Ұзындығы 10 шақырымға созылған қабырғаның іргетасы сонау 1126 жылы қаланған. 

Лазар Элунду Ассомо, ЮНЕСКО дүниежүзілік мұра орталығының директоры:

- Марракештің Мединасына көп залал келді. Біз оқиға орнына жіберген миссияның көмегімен оның көлемін анықтап, Марокко билігімен әрі қарай не істеуге болатынын талқылаймыз.

Марракеш Мединасы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне 1985 жылы енгізілген. Оны қалпына келтіру жолдары Эр-Риядта өтуі тиіс ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетінің 45-ші сессиясында анықталады.