Парижде қазақтың киім үлгілері көрсетілді
Сән әлеміндегі отандық дизайнерлер Парижде жаңа топтамадағы киім үлгілерін көпшілікке паш етті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сән көрсетілімі кемеде өтті.
Ұлттық болмысымызды таныту үшін кеш қонақтарына бауырсақ пен құрт ұсынылды. Күй шертіліп, өзен бойын жетігеннің сазды әуені тербеді. Көрсетілімде отандық 5 сән үйінің топтамалары көрсетілді. Әсіресе мұндағы жұртқа ұнағаны – түрлі әшекеймен көмкерілген, көздің жауын алатын ұлттық нақыштағы сәукеле мен камзол.
Оливье Лисьо, кәсіпкер:
- Сән әлеміндегі қазақша стиль өте әдемі деп есептеймін. Бүгін тойға арналған топтамаға таңырқай қарадым. Себебі жақында қызым тұрмысқа шыққалы жатыр. Әсіресе ұлттық нақыштағы костюмдерге қатты қызықтым. Қазақстандық жас дизайнерлердің туындыларын әлемдік деңгейде көреміз деген үміттемін.
Баян Жанбауова, «Kazfashion Paris» бірлестігінің президенті:
- Бәріміз өте қуанышты көңіл күйдеміз. Қазақстанды көрсету паш ету жүрген жерімізде өзіміздің мәдениетін тарихын дәріптеп жүру шетте жүрген әрбір қандасымыздың парызы деп ойлаймын. Бүгінгі келген қауымға көп ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта тағы да еліміздің мақтанышын көрсететін мүмкіндіктер көп болады деп сенемін.