Мексика жұрты жойқын жер сілкінісінің құрбандарын еске алды
Мексика жұртшылығы ел тарихында жойқын жер сілкінісінде қаза тапқандарды еске алды.
Шара барысында төтенше жағдай мамандары зілзала кезінде қалай әрекет ету керектігін пысықтап, тұрғындарға түсіндірді.
Сценарий бойынша жер сілкінісі басталды -деген дабыл қағылды. Жергілікті тұрғындар ғимараттан шығып, қауіпсіз жерге эвакуацияланды.
Хуан Мануэль Гонсалес, Азаматтық қорғаныс саласының маманы:
- Бұл бағыттағы оқу-жаттығуларды халық жер сілкінісі болған кезде жылдам жиналып, көз үйрету мақсатында жылда өткіземіз. Әрі мұндай шаралар оқыс оқиға барысында өлім-жітімді алдын алады.
Революция алаңына жиналған қауым зілзала кезінде қаза тапқандарды 1 минут үнсіздікпен еске алды.
Мексика тарихында жойқын жер сілкінісі 1985 жылы тіркелді. Мыңнан астам адам ажал құшты. Қаншамасы із-түзсіз кетті. Тіпті жоғалған кей азаматтардың әлі күнге мүрдесі табылмаған.
Лаура Рейносо, қала тұрғыны:
- Осыдан 38 жыл бұрын болған жер сілкінісінде жоғалған бауырымды марқұм атам жылдар бойы іздеді. Бірақ денесін таба алмадық. Әлі үмітімізді үзгеніміз жоқпыз. Өйткені оқиға барысында көмекке әлемнің түкпір-түкпірінен қаншама адам келді. Қатты жарақат алса, сырттан келгендердің бірі алып кеткен шығар?
2017 жылы Мексикада тағы бір ірі жер сілкінісі тіркелді. Зілзаланың қуаты 7,1 баллды көрсетті. Оқиға кезінде 100-ден астам адам мерт болды. 10 мыңға жуық ғимарат қирады. Бұл күні мексикалықтар қара жамылып, опат болғандарды еске алады.
Әсия Нұрлыбаева