Германияда бизнесмен құмар ойынға 840 мың еуро тігіп, барынан айырылды
Германияда құмар ойынға тәуелді адамдар саны жарты миллионға жеткен.
Мәселені шешу үшін мемлекет қаражат бөліп, арнайы бағдарламалар қолға алынды.
Германияда бір бизнесмен спорт жарыстарына 840 мың еуро бәс тігіп, барынан айырылған. Кейін жалған есеп жасап, алаяқтыққа барған ол енді сот алдында жауап беруде. Жалпы ел бойынша құмар ойынға тәуелді адамдар саны жарты миллионға жеткен. Бұл ресми мәліметке іліккендері ғана.
Михаэль Ризе, медицина орталығының референті:
"Зерттеу бойынша, құмар ойынға көбіне орта жастағы ер адамдар тәуелді. Олардың жалақысы мардымсыз және білімі шала. Спорт жарысына бәс тігетін әрбір екінші адам өзін-өзі басқара алмайды. Онлайн платформалар тіптен қауіпті. Өйткені ол жерде шектеу қою қиын".
Германияда 2001 жылдан бері құмар ойынға тәуелділік ауру деп танылған. Сондықтан одан емделуге мемлекеттен ақша бөлінеді. Сенім телефоны мен анонимді қолдау тобы жұмыс істейді.
Михаэль Ризе, алдын ала емдеу медицина орталығының референті:
"Біздің жобамыз "Құмар ойынға тәуелділіктің алдын алу" деп аталады. Бізде арнайы чат бар. Онда біз мұқтаж жандарға ақыл-кеңес береміз. Бұдан бөлек біздің сайтта тәуелділікті анықтау үшін анонимді түрде тестен өтуге болады. Сондай-ақ мектеп оқушылары үшін ашық сабақтар өткіземіз, фильмдер шығарамыз".
Бұл елде әр федералдық аймақтың өз заңы бар. Мысалы, Баварияда құмар ойын орталықтарына тек 21 жастан асқанда ғана баруға рұқсат етіледі. Ал Берлинде казинолардың арақашықтығы жарты шақырымнан кем болмауға және оқу орындарынан 200 метрге алыс орналасуға тиіс. Онлайн бәс тігу көлемі айына 1 мың еуродан аспауы керек. Сондай-ақ туыстары лудоманды "қара тізімге" қостыра алады.
Ернат Мелсұлы, Шолпан Найманбаева