Климаттың өзгеруі әлемге қауіп төндіріп тұр
Қазбалы отыннан түбегейлі бас тарту – басты міндет.
Бұл мәселе БҰҰ-ның мінберінде тағы да қозғалды. Адамзат таза энергияға көшу жоспарынан ондаған жылға кешігіп жатыр. Әлем елдері 2040 жылға қарай көмірқышқыл газының зардабынан біржола арылуы қажет. Бұл қалай іске асады?
Климат саммиттері соңғы кездері жиіледі. Бұл түсінікті де. Өйткені жаһандық жылынудың әсері жылдан жылға айқын байқалып келеді. БҰҰ-ның Бас хатшысы мәселені жаңартылатын энергия арқылы шешуге шақырды.
Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:
- Қазбалы отыннан жаңартылатын энергия көздеріне көшуге инвестиция тарту өте маңызды. Бұл үшін үкімет басшылары, бизнес өкілдері мен халықаралық ұйым қызметкерлері күш біріктіріп, жаңа энергетикалық келісімдер жасасуы қажет.
Қазірдің өзінде бұл бағытта қыруар жұмыс жасалып жатыр. Жеміс беріп жатқандары да бар. Сөйтіп, кейінгі 10 жылда мұнай, газ бен көмірге сұраныс алғаш рет ең төменгі деңгейге түсті. Бұған халықаралық энергетикалық агенттік деректері дәлел. Бірақ БҰҰ-ның өкілдері бұл әлі жеткіліксіз дейді. Себебі былтыр электр энергияның 82%-і мұнай-газдан алынған.
Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:
- Иә, қазбалы отыннан жаңартылатын энергия көздеріне көшіп жатқандар жетерлік. Алайда бұл іс әлі де баяу жүріп жатыр. Алдымызға қойған жоспарды толық орындау үшін әлі ондаған жыл керек.
12 қараша мен 12 желтоқсан аралығында Дубайда БҰҰ-ның тағы бір климат саммиті өтуге тиіс.
Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Жанна Хусаинова.