Жасанды интеллектіні дамыту – болашаққа инвестиция
«Жасанды интеллект саласын дамыту - Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған зор инвестиция».
Оңтүстік Кореяның Шинхан университетінің профессоры Ан Вон Ик осылай дейді. Сарапшының айтуынша, Корея бәсекеге қабілетті АЙТИ технологиялардың арқасында экономикасы жоғары дамыған елге айналды. Профессор қызмет ететін Шинхан университеті Алматы ішкі істер академиясымен бірлесе жұмыс істеп жатыр. Ан Вон Ик Академия курсанттарына айти технология, киберқауіпсіздік және жасанды интеллект бойынша дәріс оқып, оларға цифрлық криминалистикадағы ауқымды деректерді пайдалануды үйретеді.
Ан Вон Ик, Шинхан университетінің профессоры:
- Менің ойымша, Қазақстан Президенті болашаққа дұрыс бағыт-бағдар беріп отыр. Келешекте көптеген жұмыс орындары жасанды интеллект және бағдарламалық қамтамасыз етумен тығыз байланыста болады. Сондықтан осы саланы дамыту арқылы болашаққа зор инвестиция жасалады деп түсінемін. Болашақта қай салаларға көңіл бөлу керектігін қазірден мұқият қарастырған жөн. Егер мемлекет жасанды интеллектіні дамытуға айтарлықтай қолдау көрсетсе, онда шетелдік озық компаниялар үшін түрлі жобаларға қатысуға, сондай-ақ қазақстандық компаниялар және оқу орындарымен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік туады.