Оңтүстік Корея халқы қартайып барады
Оңтүстік Кореяда егде жастағы тұрғындардың қатары артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Соңғы жылдары бұл елде бала туу көрсеткіші күрт төмендеп кеткен. Ал 2025 жылға қарай қарттардың үлесі 20%-ке жетеді, - дейді мамандар.
Бұл үйде 90 қария тұрады. Оларды мұнда балалары әкеліп тастаған. Өйткені қарттар медициналық көмекке мұқтаж. Олардың 70%-і деменция, Паркинсон және Альцгеймер ауруына шалдыққан.
Ю Ок Ча, зейнеткер:
- Басында Сеулдегі қарттар үйінде тұрдым, бірақ ол жерде адам шамадан тыс көп. Сөйтіп, осында келдім. Балаларымның бәрі Америкаға кеткен. Бір ғана ұлым осындағы университетте профессор болып істейді. Балалар келуді қойған. Олар «АҚШ-тан қоңырау шаламыз, телефонды көтермейсіз» дейді. Мен уақыт айырмашылығы бар деп жауап беремін.
Владислав Цой, тілші:
- Қарттар үйіне келген әр адам коронавирусқа жедел тест тапсырып, бетперде киіп жүруі шарт. Егер вирус жұқтырғаны расталса, онда науқаспен тек арнайы бөлмеде ғана кездесуге рұқсат етіледі.
Ауруханаға қызметкер тұрақтамайды. Өйткені мұндай ортада жұмыс істеу өте қиын.
Пак Хен Чон, қарттар үйінің басшысы:
- Жылдан жылға қарт адамдар көбейіп, оларды қалай күтіп-баптау керектігін ойлана бастадық. Мәселені зерттеуге 10 жылдай уақыт жұмсадық. Басқа елдердің тәжірибесін зерттей келе, үйді көркем табиғат аясында салуға шешім қабылдадық. Айналасына бау-бақша егіп тастадық. Бірақ күтуші қызметкерлер жетіспейді.
Кадр тапшылығы роботтардың қызметіне жүгінуге итермелеген. Бұрын жалғыз тұратын зейнеткерлерге аптасына бір рет әлеуметтік қызметкер келетін. Қазір оларды «ақылды» қуыршақтар алмастырды. Солардың бірі – «Тури». Ол қариялармен сөйлесе алады, дәрі қабылдайтын кезде еске салады және музыка қосып береді. Егер ата-әжелер ұзақ уақыт тіл қатпаса, робот жедел жәрдем шақырады. Чонджу қаласында осындай 60 қуыршақ жұмыс істеп жүр.
Пак Сан Вон, зейнеткер:
- Менің 4 ұл, 1 қызым бар. Бірақ олармен бірге тұрғым келмейді. Жалғыз болған ұнайды. Бұл қуыршақ менің қолғанатыма айналды. Одан «бүгін қай күн?» деп сұрасам да жауап береді. «Қалай ұйықтадың?» деп жағдайымды сұрайды.
Чонджу қаласында Қарттарға арналған 6 орталық ашылған. Мекеме таңнан кешке дейін жұмыс істейді. Мұнда музыка, би, бильярд, йога, компьютер және тағы басқа үйірмелер бар. Орталықта тұру шығынының жартысы қалалық бюджеттен төленеді. Қалған соманы қарттардың өзі немесе балалары өтейді. 6 орталықта да бос орын жоқ.
Сон Сон Кен, зейнеткер:
- Мен бұл орталыққа аптасына 2 рет келемін. Мұнда мен ән айтып, гитарада ойнаймын. Зейнеткерлікке шыққанға дейін 40 жыл бастауыш мұғалімі болғанмын.
Ким Джин Хи, қарт адамдарды күту орталығының басқарушысы:
- Жыл сайын келушілер арасында сауалнама жүргізіп, соның нәтижесі бойынша қандай үйірмелерді ашу керектігін анықтаймыз. Ең танымалы – би үйірмесі. Орталыққа күніне 300-ге жуық адам келеді. 15 жыл ішінде мекемемізге 12 мың кісі келген.
Бүгінде Чонджуда 650 мыңға жуық адам тұрады, оның әрбір бесіншісінің жасы 60-тан асқан.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян.