Вандализм: көне жәдігерлерді қорғау шараларын күшейту қажет
Қоғамдық мүлікті бүлдіру, бұзақылық және вандализм сияқты оқиғалардың жиілеп кеткені әлем жұртшылығын алаңдатып отыр.
Өкініштісі сол, бұзақылардың кесірінен тарихи ескерткіштерге орасан зиян келіп жатыр. Сондықтан мамандар көне жәдігерлерді қорғау шараларын күшейту қажет деп есептейді.
АҚШ-та биыл қасақылық көбейді. Жылдың алғашқы тоқсанында ғибадатханаларға 69 рет вандализм әрекеті жасалған. Әсіресе Солтүстік Каролина, Огайо, Теннесси, Флорида және Пенсильванияда жиі қайталанды. Вандалдар негізінен ұрлық-қарлық, өртеу, сындыру сынды бұзақы әрекеттерге барған. АҚШ-та вандализмнің кез келген түрі қылмыс деп саналады. Ол үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Көшедегі қаскөйлік Молдованың Корнешт қаласында да болды. Вандалдар Отан қорғаған жауынгерлерге арналған ескерткіштегі жазуды жойып, оның орнына қорлайтын сөздер жазып кеткен. Мүсінді қайта қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Оған жергілікті еріктілер тартылды. Молдовада вандализм үшін бұзақыларға айыппұл салу және қоғамдық жұмыстарға тарту көзделген. Әрекет қайталанса, 1 жылға дейінгі мерзімге сотталмақ.
Тыныш жүрмейтін туристер де бар. Италияға барған саяхатшы XVI ғасырға тиесілі әйгілі Нептун субұрқағын зақымдады. Селфи жасау үшін жоғары көтеріліп, мәрмәрдің бір бөлігін сындырған және онымен қоймай, түсер кезде тағы бір мүсінді қиратқан. Полицейлер туристің оғаш әрекетін бақылау камерасынан байқады. Субұрқаққа шамамен 5400 доллар шығын келген. Айта кетейік, Италия үкіметі мәдени нысанға немесе мүсін-ескерткішке зақым келтірген туристке 60 мың еуро айыппұл салады.
Британияда кішкентай балалар бұзықтығымен көзге түсіп жүр. Қоғамдық орындағы мәдени-рухани мүліктерді сызып-бояу деректері жиілеп кеткен. Корольдікте 200 жылдық тарихы бар мүсінге зақым келтірген жеткіншектер ұсталды. Олар грек аңызындағы мүсінді мазақ қылған. Бұзақы балалардың ісі қазір тергеліп жатыр.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева.