Бейжің жазбалары. «Жабық қала» кімдерге мекен болған? (ФОТО)
Қытай астанасы Бейжің қаласына жолымыз түскен бір сапарда қытай мәдениетінің бізге беймәлім тұстары жайлы жазуға тырыстық.
Әңгіменің басын Қытайдың әйгілі «Жабық қаласынан» бастасақ.
Бейжіңнің қақ ортасында "Жабық қала" тұр. Сыртқы қамалының биіктігі 9-10 метрдей, қалыңдығы да сол шамалас. 700 мың шаршы метрден аса аумақты алып жатыр. Құрылыс 1406 жылы басталып, 15 жылға созылған. Бұл – сол уақта Қытай елін билеген Мин әулетінің қолтаңбасы. Осы әулет шығыс елін 300 жыл бойы биледі.
«Жабық қалада» император мен олардың қызметшілері ғана тұрған дейді. Тіпті императордың балалары да сыртта болған.
500 жыл бойына бұл аумаққа қара халық бас сұға алмапты. Алда-жалда қызықтап ішке еніп кеткендердің жазасы – өлім. Талай бас кеткен. Сырт көзден тасада еді, сол үшін де бұл аумақ «Жабық қала» аталған.
Бұл кешенді Қытай билігі тек 1925 жылы ғана Гугун музейі деп атап, былайғы елге кіруге рұқсат беріпті.
Жабық қаланың ішінде де бірнеше қақпа бар. Олардың арасын атшаптырым алаңдар бөліп тұр. Алаңдарды жағалай ғимараттар қоршайды. Қытай стиліндегі қайқы шатырлы ғимараттар бір қабат қана демесең, баспалдағының өзі жоғары тұр. Ғимараттар да әлдеқайда биік.
Бір қызығы әр ғимараттың алдына кемі 2-3 тайқазан қойылған. Алдыңғы алаңдарда шойын, ал ішкі алаңдардағысы бүйірі жалтыраған жез. Бұл қазандарға заманында су толтырып отырған дейді. Бір есептен ғимараттарды ағаштан қиып салғандықтан, өрт шыға қалса осы қазандағы суды пайдаланған.
Ғимараттардың бірі – асхана, бірі – императордың гардеробы, бірі – елшілерді қабылдау орны, т.с.с.
Төргі алаң – император бағы. Түрлі ағаштар егілген, жоғарыда қиюын келтіріп, теңіз астынан алынған тастардан қаланған ғимарат менмұндалайды.
Алаңдарда арыстан, тасбақа, тырна секілді мүсіндер де бар. Тырна мен тасбақа – ұзақ өмір сүру символы болса, арыстанға ұқсас белгісіз мақұлық императорды қорғайды деген түсінік болған.
Ал айдаһар – император символы. Оның қазіргі Қытайға қатысы жоқ дейді жолбасшымыз.
Осы қамал мен ішіндегі «Жабық қаланы» 100 мың шебер және жүз мыңдаған жұмысшы тұрғызған деседі.
Ең бастысы мұнда Қытайдың сан ғасырлық мұралары сақталыпты. Қытай, тибет, шүршіттен бөлек шағатай, түрік тіліндегі қолжазбалар да осында тұрған.
Оның ішінде қазақ тарихына қатысты біз білмейтін қаншама дерек жатыр екен?!
Жалпы Қытайда 4000 жылдық (!) жазба тарих сақталған.
Б.з.д. 1 мыңжылдықтың І жартысында-ақ кітаптар жазылған дейді деректер. Иероглифтерді тасқа, тақтайшаға, кейін жібекке жазған. Ал б.з.д. ІІ ғасырда қағаз пайда болған.
20 мың шақырымға созылған Ұлы Қытай қорғаны ертеректе салынғанмен оны бекітіп, ұзартып, үзік тұстарын жалғап, біріктірген де осы Мин әулеті деседі. Қытайдың жаңа дамуы – осы тұс. Қолөнер, оның ішінде фарфор, жібектің даңқы артқаны белгілі.
Арман Әмен,
«Хабар-24» арнасының редакторы
(жалғасы бар)