Нью-Йоркте босқындар мәселесі ушығып барады
Нью-Йорк қаласы миграциялық дағдарысқа тап болды.
Қаптап келіп жатқан босқындарды сыйдыра алмаған қала әкімшілігі тіпті мектептердің спорт залын пайдалануға мәжбүр. Нью-Йорк мэрі Эрик Адамс федералдық деңгейде қалаға көмек беру керек деп есептейді. Өйтпегенде мегополис бұл мәселені өздігінен шеше алмайды.
«Әлем астанасы атанған Нью-Йорк тек соңғы трендтер ғана емес, босқындар қаласына айналып барады. Бір жылда 110 мың мигрант қабылдаған. Бұл тіркелген ресми дерек. Жасырын жүргендері қаншама?! Сондықтан сегіз жарым миллионнан асатын тұрғыны бар Нью Йорк босқындардың үздіксіз келуінен зардап шегіп жатыр.
Мигранттар АҚШ-тың оңтүстік шекараларын заңсыз кесіп өтіп, Нью-Йоркты паналайды. Оларды уақытша баспанамен, ас сумен қамтуға қала бюджеті қыруар ақша жұмсайды. Алып шаһарда ондаған қайырымдылық орталығы жұмыс істейді. Олардың кіре-берісінен қашан да ұзын сонар кезек көресіз. Көбі Америка арманын қуалап Латын Америкасынан келген босқындар.
Хуан Де Ла Круз, босқындарға көмектесу коалициясының директоры:
- Біз осы орталықтың өзінде күн сайын орта есеппен үйсіз күйсіз мыңнан аса адамға тамақ таратамыз. Ал шұғыл көмек көрсету жобасы арқылы негізінен киім кешекпен және өзге де қажетті заттармен қамтимыз. Босқындар саны тоқтаусыз артып жатыр. Ал, олардың барлығына бірдей көмек бере алмаймыз. Ас су бәріне бірдей жетпейді.
Арнайы орталықтарда орын жетпей қалған соң, бірқатар қонақ үйді, тіпті қаладағы кебір мектептердің спорт залдарын босқындарға босатып беруге тура келді. Бірақ, бұл да мәселені толық шешпейді. Мыңдаған адам қала көшелерінде түнеуге мәжбүр. Миграциялық дағдарысқа байланысты төтенше жағдай жариялаған қала мэрі Нью-Йорктың инфрақұрылымы заңсыз көші қонға төтеп бере алмайды деп мәлімдеді.
Эрик Адамс, Нью-Йорк қаласының мэрі:
- Мен мұның соңын көріп тұрған жоқпын. Бұлай жалғаса берсе Нью-Йорк қаласынан айырылып қаламыз. Біз ай сайын 10 мың мигрант қабылдаймыз, Венесуэладан, Эквадордан ғана емес, енді Мексика арқылы орыс тілділер мен батыс Африкадан да ағылуда. Яғни әлемнің түкпір-түкпірінен тоқтаусыз келіп жатыр.
Эрик Адамс босқындарды қолдауға күн сайын қомақты қаржы бөліп отырғанын, оның таяуда тауысылатынын айтты. Заңсыз көші қонды еңсеру үшін алдағы үш жылда бес миллиард доллар қажет. Демек, федералды бюджеттен дереу көмек берілмесе, миграциялық дағдарыс қала тіршілігін тұралататын түрі бар.