Бейжің жазбалары. Полицейсіз қала (ФОТО)
Қытай астанасы Бейжің қаласына жолымыз түскен бір сапарда қытай мәдениетінің бізге беймәлім тұстары жайлы жазуға тырыстық.
Бейжің әуежайына түсіп, одан қалаға кіргенше жағалай орман десе болғандай. Ағаштың арасынан ар жағында үй бар ма деп қарасаң саңылау таппайсың. Қалың ағаш.
Көз қылып бір-екі қатар еге салмаған. Қытайдың экологияға аса мән беретіні қай тұсында жүрсең де анық байқалады. Көлікпен ызғытсаң да, пойызбен жүргенде де көз салсаң жағалай ағаш. Жап-жасыл алқап.
Қалаларында 30-40 қабат үйлер де, жалғыз қабат ғимараттар да көп. Іркес-тіркес үйлер де баршылық болғанмен, жолға кеңінен орын қалдырған. Бір қызығы жол жөндеп жатқан ешкім көрмейсің. Түнде реттеп тастайтын тәрізді.
Электрсамокат тепкендер жоқ. Есесіне велосипед, скутерлер көп. Жүк артып немесе баласын отырғызып алғандар жетіп артылады. Көп жерде олардың өз жолы немесе жолдың шетінде оларға қалдырған бөлігі бар.
Кептеліс те байқалмайды. Алда-жалда кептеліс болса, бір орында сағаттап тұрған ешкім жоқ. Бір-бірінің жолын кес-кестемей ақырындап қозғалып жатқан жұрт.
24 миллион тұрғыны бар Бейжіңде көшеде аса сапырылысып жатқан адам көрмейсің. Мұның бір себебі шаһардың қай тұсында жүрсең де әрі кетсе 1-2 шақырым жерден метро аялдамасын табасың.
Есесіне музей, тарихи алаңдар мен серуен бақтарда кісі қарасы жетерлік. Бірақ бұл жерлерде де жанталасқан ел, жолыңды кес-кестеп жатқан жан баласын көрмейсің.
Жаяу жүргінші жолағы – көлікке де, адамға да ортақ. Көліктер ақырын келіп өтіп жатыр. Жолдың екінші басынан енді қозғалған адамды күтіп тұрмайды. Көлік те, адам да бір-біріне жол беріп, бір-бірінің уақытын алмай қозғалып жатыр.
Қытай архитектурадан бөлек қала жобасына да ерекше мән беретіні байқалады. Үрімшіде қаланы жоспарлау музейі де бар. Осында Шыңжаң терроризмен күрес музейін, ал Бейжіңде Компартия көрме залын көрдік. Ең бастысы музейлерде адам, әсіресе жастар көп.
Ендігі бір қызығы Бейжің, Сиань, Үрімшіні бір жеті кезгенде алаулатып-жалаулатып жүрген полиция көлігін көрмедік. Көшеде де көзге түспеді. Тек тарихи ғимараттардың алдында бірді-екілі сақшылар тұрғаны байқалады. Мұның себебі айыппұл көп шығар дегенбіз. Бірақ сұрастырғанда біздің елден аса айырмашылығы байқалмады. Мұнда есірткіге, сосын терроризмге қатал дейді.
Арман Әмен,
«Хабар-24» арнасының редакторы
(Басы мына жерде. Жалғасы бар)