Қазақстан «Архив ісі» Халықаралық Конгресіне қатысып жатыр
Біріккен Араб Әмірліктерінде Халықаралық архивтер кеңесінің Конгресі өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
4 жылда бір рет ұйымдастырылатын шара биыл білім мен инновация тақырыбына арналды. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған сала мамандары білім, технология, әріптестік арқылы зерделі қоғам құру мәселелерін талқыға салды. Халықаралық кеңеске қазақстандық мамандар да арнайы шақырту алды.
Халықаралық архивтер кеңесі – әлемнің 195 елін біріктіретін ұйым. Оның қатарында еліміздің де мұрағаттары бар. Қазақстандық делегацияны бастап барған Президент архивінің директоры Әлия Мұстафина Халықаралық кеңестің басшысы Жозе Кирпспен кездесті. Ортақ байланыстарды нығайта түсу, елімізде халықаралық ұйымның өкілдігін ашу туралы келісімдер жасалды.
Әлия Мұстафина, ҚР Президенті архивінің директоры:
- Конгресте инновациялық технологияларды қолдану, мұрағаттық құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, оны зерттеушілер қауымына ұсыну сынды көптеген сұрақтар талқыланып жатыр. Бұл мәселелер біз үшін аса маңызды. Әсіресе елде цифрландыру тұрғысынан ауқымды өзгерістер болып жатқан кезде Үкімет бізге жаңа міндеттер қойды. Цифрлық деректерді сақтау және сол мұрағат ресурстарын азаматтарымыз үшін қолжетімді қылуымыз керек.
ЮНЕСКО-мен тығыз байланыста қызмет атқаратын бұл Кеңес оған мүше елдердің архив ісі арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосып отыр. Сосын әлем архивтерінің тарихи мұрағаттарын сақтауға және пайдалануға ықпал ете алады. Сондықтан Қазақстан да белсенді әріптестікке ынталы.
2035 жылға қалай біздегі мұрағат құжаттары толықтай цифрлы жүйеге көшіріліп, интеллектуалды ақпараттық іздеу жүйесі жолға қойылады. 2 жылдан соң мемлекеттік орган қызметкерлері мұрағат құжаттарын «е-Архив» желісі арқылы қолдана алады. Сонымен қатар бір терезе қағидаты бойынша мұрағат мәліметтерін ұсынатын мобильді қосымша дайындалмақ.
Мишель Ндо, Камерун ұлттық архивінің бас менеджері:
- Жан-жақтан жиналған әріптестерімді көріп, тәжірибе алмасып жатырмыз. Өзім – архив ісіне өмірімді арнаған адаммын. Қазіргі уақытта мұрағаттар – адамзат пен ақпарат арасында рухани көпір. Соны дұрыс қолданып білуіміз керек.
Кеңес мүшелері киберкеңістіктегі қауіпсіздік қатерінің алдын алуға да арнайы тоқталды. Қауіпсіздік – өткір әрі ортақ мәселе. Сондай-ақ Конгреске қатысушылар әртүрлі елден келген 50 мұрағат көрмесін тамашалады.
Жеральд Шиттгер, көрмеге қатысушы:
- Мұрағатты цифрландыруда біздің тәжірибеміз өте көп. Мысалы, мына аппарат тегіс сканерлеу арқылы құжаттың сапалы, цифрлы көшірмесін жасайды. Ескі құжаттардың түсіне дейін дәлме-дәл сақтап алады.
Қатысушылар замануи технологияларды қолдана отырып, білімге, ақпаратқа қолжетімділікті жақсарта түсу, мәдени әртүрлілікті насихаттау және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға шақырды. Жалпы Конгреске 130 елден 5000-нан аса архив саласының мамандары қатысып жатыр. Шара 13 қазанға дейін жалғасады.
Авторлары: Бибігүл Нысанбаева, Ералы Тілеуіш.