Француз институтында қазақ тілі оқытылады
Францияның ең көне жоғарғы оқу орындарының бірі – Шығыс тілдері мен өркениеті Ұлттық институтында қазақ тілін қайта оқытып жатыр.
Бастамаға Бесінші республикадағы Қазақстан елшілігі қолдау көрсетті.
Қазақ тілін оқып үйренемін дегендер жетерлік. Мұны адамға толы аудиторияға қарап-ақ түсінуге болады. Бәрі – сан түрлі мамандық бойынша білім алып жатқан студенттер. Олардың қалауы – Орталық Азия жайлы, соның ішінде Қазақстан туралы мейлінше көбірек мағлұмат алу.
Виктор Гомариз, магистрант:
- Менің жұмысым Орталық Азиямен байланысты. Атап айтқанда, өңір тарихына қатысты зерттеулер жүргіземін. Сол себепті де қазақ тілін таңдадым. Өйткені жұмысыма көп көмегі тиеді деп ойлаймын.
Клоэ Лоре, студент:
- Келешекте Қазақстанға барғым келеді. Бұл сабақтың арқасында қазақ тілін оқуға ниет білідіріп жатқандар қатары тек арта түседі деп ойлаймын.
Қазақ тілінің мұғалімі – Құралай Қалиева. Филолог әзірге электронды материалдармен оқытып жүр. Бірақ болашақта студенттер үшін кітаптар көбейетінін айтады. Бұл ретте оқытушы қазақстандық әріптестерінің көмегіне үлкен үміт артып отыр.
Кезінде институттың оқу бағдарламасына қазақ тілі кірген екен. Бірақ бірнеше жыл үзіліс болды. Десе де өңірге деген қызығушылықтың артуы қазақ тілін қайта қосуға түрткі болды.
Катрин Пужоль, Шығыс тілдері және өркениеттері Ұлттық институтының оқытушысы:
- Қазақ тілі екінші семестрде де оқытылады. Сөйтіп, алдағы уақытта Орталық Азия секциясын құрып, оған өзге тілдерді де қосу жоспарда бар. Иналькл – бұл 250 жылдық тарихы бар институт. Оның алғашқы жетекшілері Орталық Азия бойынша мамандар болған. Қазақ тілінің көмегімен осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп жатырмыз.
Француздар қазақ тілін үйреніп қана қоймай, еліміздің мәдениетімен, салт-дәстүрімен жақынырақ танысуды көздейді. Сол себепті болашақта ортақ жоабалар қолға алынып, қазақстандық университеттерде тағылымдамадан өткісі келетін студенттер үшін шәкіртақы тағайындалса, бұл нұр үстіне нұр болар еді, - дейді оқытушылар.
Авторлары: Алия Сыздыкова, Руслан Омиржан.