Еуроодақта виза ережелері өзгереді
Еуропалық комиссия туристерге виза беру ережелерін қатаңдатуды ұсынды.
Осылайша, ұйым Еуроодақтағы заңсыз көші-қон және қауіпсіздік мәселелерін шешуге ниетті. Қазіргі уақытта «кәрі құрлық» елдері 60 мемлекетпен визасыз режим туралы келісім жасасқан. Яғни, осы мемлекеттердің азаматтары Шенген аймағына 3 айға дейін емін-еркін кіріп-шыға алады. Еурокомиссия мүшелерінің айтуынша, визасыз режимге ие мемлекеттерде мигранттарға төлқұжаттар сатылатын заңсыз жағдай жиі тіркеледі. Сол елдің азаматына айналған кірмелер кейін Еуроодақ аумағына өтуге әрекет жасайды. Мәселен, былтыр осы мемлекеттерден Еуроодақтан уақытша пана сұраған 150 мың өтініш келіп түскен. «Бұл – шамадан тыс жоғары көрсеткіш», - дейді комиссия мүшелері.