Электронды темекі экологияға зор кесірін тигізеді
Мамандар электронды темекінің зияны кәдімгі шылымнан кем түспейтінін айтып жатыр.
Бірақ кейінгі кездері вейпқұмар адамдардың қатары артып барады. Осы құрылғылардың денсаулыққа кері әсерінен бөлек қоршаған ортаға да залалы орасан.
Әлемде вейпке арналған 844 миллион құрылғы жыл сайын далаға тасталады. Осының бәрін қосса, 6 "Эйфель мұнарасына" тең қоқыс шығады. Денсаулыққа кесірін керек қылмай жүрген жастар электрон шылымның қоршаған ортаға зиянын тіптен ойламайды. Бір реттік қолдануға арналған құрылғы 1 мың жылға дейін шірімей, айналаны ластап жата береді. Өйткені онда пластиктен бөлек литийден жасалған батареялар болады. Ал олар - нағыз қауіпті заттар.
Энтони Миранда, Нью-Йорк шерифі:
"Электрон темекіні қайта өңдеу- өте күрделі процесс. Қаупі де зор. Оны арнайы білімі мен білігі бар адамдар ғана өңдей алады. Ал бұл үшін лицензия мен рұқсат қағазы қажет. Вейп құрамындағы аккумуляторларды да кәдеге жаратудың өз жолы бар. Бірақ ол да оңай емес."
Бір ғана Британяда апта сайын бір реттік қолдануға арналған 5 миллион электрон темекі қоқысқа айналады. Ондағы литийдің мөлшері электрмобиль жасауға қажетті 5 мың аккумулятор жасауға жеткілікті. Қолданушылардың көбі оны қайта өңдеуге тапсыру үшін не істеу керектігін білмейді. Жақында жүргізілген сауалнамаға қатысқандардың 73 пайызы вейпті қоқыс жәшігіне тастай салатын көрінеді. Ал ондағы литий батареяларынан өрт шығуы мүмкін. Мысалы, АҚШ-та соңғы 7 жылда осындай 250 оқиға тіркелген.
Энтони Миранда, Нью-Йорк шерифі:
"Көшеде вейп қалдығы толып жатыр. Бұл алаңдатарлық жағдай. Жалпы кәдеге жаратумен қатар электрон темекіні шектеу бойынша да көп жұмыс істеу керек. Бірақ тыйым салған күннің заңсыз саудаға мүлде ие бола алмаймыз".
Еуропадағы вейп өндірушілер оны кәдеге жарату үшін жауапты. Бірақ басқа елдерде бұл жағы заңмен дұрыс реттелмеген. Мысалы, АҚШ-та компьютер мен өзге электроника бұйымдары үшін жауапкершілік жүктейтін арнайы заң бар. Бірақ ол электрон темекі өнімдерін қамтымайды. Сондықтан сарапшылар өндірушіні қайта өңдеу шығындарын өтеуге міндеттеуге көбірек көңіл бөлу керек дейді.
Жұлдыз Атагельдиева, Зәуреш Думанқызы