Кореядағы қазақтар Республика күнін атап өтті
Республика күнін Оңтүстік Кореядағы қазақ диаспорасы да атап өтті.
Елдің екінші ірі қаласы Пусанда корей тіліндегі «Қазақстан аңыздары» басылымының тұсаукесері болды.
Владислав Цой, тілші:
- Корей тіліндегі "Қазақстан аңыздары" кітабына 40-қа жуық қазақ шығармасы енген. Өкінішке қарай, басылым шағын тиражбен және иллюстрациясыз жарық көрді. Оған қаржы тапшылығы себеп болды. Соған қарамастан алдағы уақытта баспагерлер кітаптың әдемі суреттері бар кеңейтілген нұсқасын шығаруды жоспарлап отыр.
Пусан қаласының тұрғыны Балнұр Айтбаева кітаптың мазмұнын жақсы біледі. Өйткені ол Алдар Көсе, Қорқыт, Бұрабай көлі туралы ертегілер мен аңыздарды корей тіліне аударуға көмектесті. «Қазақстан аңыздары» Оңтүстік Кореядағы қазақ шығармаларының ең үлкен жинағы. Ал диаспора өкілдері корей балаларына Қазақстан аңыздарын таныстырып жүр.
О Джон Ми, Инха Университетінің профессоры:
- Бұл кітап оқу құралы ретінде пайдаланылмайды, жай ғана кітап ретінде Қазақстанға, қазақтарға, қазақ мәдениетіне және табиғатына қызығушылық танытқандар үшін жарыққа шықты. Ол университеттер мен мектептердің кітапханаларында бар. Оны қарапайым халық та сатып ала алады. Мен бұл кітапты шетел және корей студенттерге дәріс оқығанда қолданамын. Кітап арқылы қазақтың табиғатын, аңызға айналған тұлғаларын, тарихын, құндылықтарын білуге болады.
Балнұр Айтбаева Кореяда 16 жылдан бері тұрады. Мұнда ол отбасын құрды. Күйеуі Алмас Пусан қаласында кәсіппен айналысады. Балнұрдың балалары жергілікті балабақша мен мектепке барады. Алада ана тілге деген құрметтері шексіз, «біз қазақпыз» деп мақтанышпен айтады.
Балнұр Айтбаева, Пусан қаласының тұрғыны:
- Біз қанша жыл шетелде тұрмасақ та қазақ деген қанында қазақи деген қанында болғандықтан елімізге барамыз елімізде жұмыс істейміз тұрамыз. Балаларымыз сол жақтан білім алса деген ниеттеміз және сол жақта білім алып елдің өркендеу үшін жұмыс істесе деген ниетіміз мақсатымыз бар.
Балнұр «Номад» қазақ мәдени орталығын бірнеше жыл басқарды, корей және ағылшын тілдерін жетік меңгерген. Бірер ай бұрын Балнұр Пусандағы еліміздің Бас консулдығына жұмысқа шақырылды. Қазір ол әріптестерімен бірге Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтардың құқығын қорғаумен айналысады.
Владислав Цой, Ольга Лян