АҚШ-та 22 адамды қырып тастаған қылмыскер әлі ұсталған жоқ
АҚШ-тың Льюистон қаласында оқ атқан күдікті әлі қолға түскен жоқ.
Іздестіру жұмысы жалғасып жатыр. Тергеушілер оның АҚШ әскерінің резервте тұрған сержанты екенін анықтады. Атысқа дейін күдікті психиатриялық ауруханада ем алып шыққан көрінеді. Кеше тағы халық көп шоғырланған 3 жерде кезек-кезек оқ атылды. Оқиғалардың арасы 10 минут. Салдарынан 22 адам қаза тауып, 10-нан астамы жараланды. Сегізі Мэн штатының орталық ауруханасында ем алып жатыр. Үшеуінің жағдайы ауыр дейді дәрігерлер.
Рик Годдард, күдіктінің көршісі:
"Мен соңғы рет оның Огастодағы психиатриялық ауруханада екенін естідім. Бұл – полицияда қызмет еткендерге арналған аурухана. Жүйкесі сыр беріп жүргендіктен жаз айларында бірнеше апта сонда ем алған. Не себепті толық емделмегенін түсіне алар емеспін?!"
Солтүстік Каролина штатында да оқ атылып, 5 адам ажал құшты. Бұл туралы жергілікті полиция мәлімдеді. Құзырлы органның айтуынша, құрбандардың мүрдесі бір үйден табылған. Әзірге күдікті туралы ешқандай ақпарат жоқ. Тергеу амалдары басталды.