Испанияда TikTok-қа тыйым салынуы мүмкін
Испания парламенті TikTok әлеуметтік желісін шектеуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әсіресе оқушылар мен мемлекеттік қызметкерлерге оны жүктеуге тыйым салынбақ. Ел парламенті «Бұл ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет» дейді.
TikTok – кейінгі жылдары жастар арасында кеңінен танымал болған платформалардың бірі. 150 елде, 75 тілде қызмет көрсететін қосымшаны 2020 жылдың өзінде бір миллиардтан астам қолданушы жүктеген. Соңғы жылдары Еуропадағы Белгия, Дания, Франция, Германия және Чехия мемлекеттік қызметкерлер, парламент қызметкерлері мен әскерилерге TikTok-ты жүктеуге ресми түрде тыйым сала бастады. Жаңа жылдан кейін бұл елдердің қатарына Испания қосылуы мүмкін.
Адриан Арана, журналист:
- Испан оқушыларына TikTok қосымшасын жүктеуге тыйым салуды психолог мамандар талап етіп отыр. Мұны ел парламенті де құптайды. Шынымен, бұл әлеуметтік желінің зияны басым. Өйткені онда ақпарат еш сұрыпталмай, таратыла береді.
Испанияда 11 мен 15 жас аралығындағы әрбір төртінші жеткіншек кибербуллингтен зардап шеккен. Желі арқылы қорлау оқиғалары соңғы 7 жылда 4 есе, ал былтыр бірден 75%-ке артты. Мектепте бала және ата-анамен жұмыс жасайтын психолог мамандар тапшы.
Паула Арруга, психолог:
- Испанияда күн сайын 10 оқушының 7-еуі буллингке ұшырайды. Жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің бәрі испан мектептерінде 2 мыңнан астам психолог маманы жетіспейтінін көрсеткен.
Жергілікті БАҚ өкілдері «TikTok-қа тыйым салып қана қоймай, сервисті толығымен бұғаттау туралы заң қабылдау керек» деп жазады. Өйткені Испанияда бұл платформаны ел азаматтарының жеке мәліметін жинау, оларға тыңшылық жасау және жалған ақпарат тарату үшін пайдалануы мүмкін деген күдік бар.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач.