Таяу Шығыстағы қақтығыс: Мұнай бағасы қымбаттайды

Таяу Шығыстағы қақтығыс – әлем экономикасына соққы.

Дүниежүзілік банк сарапшылары, шиеленіс әрі қарай жалғаса берсе, мұнай бағасы 75 пайызға дейін қымбаттауы мүмкін деген болжам жасады. Бұл әлем экономикасын қазіргіден "екі есе энергетикалық күйзеліс" жағдайына әкеп соқтырады.

Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыс әлем экономикасына қауіп төндіріп тұр. Шиеленіс жалғаса берсе, мұнай бағасы аспандайды. Соңғы үш аптаның өзінде қара алтын құны шамамен 6 пайызға өсті.

Цитата

Айхан Косе, Дүниежүзілік банк бас экономисінің орынбасары:

- Егер мұнай қымбаттаса, онда азық-түлік бағасы да өседі. Мұнай нарығында баға дағдарысының туындауы көптеген дамушы мемлекетте инфляцияның өсуін жеделдетеді. 2022 жылдың аяғында 700 миллионнан астам адам, яғни, Жер халқының 1/10 бөлігі, тамақ тапшылығынан зардап шекті. Таяу Шығыстағы қақтығыс тек осы аймақта ғана емес, бүкіл әлемде азық-түлік тапшылығын тудыруы мүмкін.

Дүниежүзілік банк сарапшылары 3 мысалды ұсынады. Алдымен, 2011 жылғы Ливиядағы азаматтық соғыс кезеңі. Бұл кезде қара алтынның құны баррель үшін жүз доллардан асты. Екінші – 2003 жылғы Ирактағы соғыс. Мұнайдың бір баррелі 121 доллардан саудаланды. Ал, үшінші мысал - 1973 жылғы Таяу Шығыстағы қақтығыс. Шиеленіс дәл осы 3-ші сценариймен өрбісе, мұнай құны 75%-ға дейін қымбаттап, баррелі 157 доллар тұруы бек мүмкін, дейді сарапшылар. Дүниежүзілік сауда ұйымының басшысы да бұл мәселе бойынша пессимистік болжамымен бөлісті.

Цитата

Нгози Оконджо-Ивеала, Дүниежүзілік сауда ұйымының басшысы:

- Таяу Шығыс энергия ресурстарының көзі екенін ұмытпайық. Бұл – табиғи газ және мұнай ошағы. Сондықтан аймақтағы ахуалдың жаһандық саудаға теріс әсер ететіні анық.

Израильге маңызды логистикалық хаб мәртебесін беретін "Үндістан - Таяу Шығыс - Еуропа" жаңа көлік дәлізінің болашағы да қақтығыс жағдайында бұлыңғыр күйге түсті. Сонымен қатар, шиеленіс жылдар бойы қалыптасқан, Израиль мен Сауд Арабиясы арасындағы күрделі қатынасты қалыпқа келтіру процесіне де теріс әсер етіп тұр.