Абу-Дабиде қоршаған ортаны қорғауға бағытталған конференция өтті

Атмосферада парниктік газдардың көбеюі климаттың күрт өзгеріп, теңіз деңгейінің көтерілуіне әсер етіп отыр.

Бұл - адамзат баласы жұмыла шешетін жаһандық мәселе. Абу-Дабиде өткен «Сенімдердің тоғысуы: рухани лидерлердің жаһандық жаңғыру жолында бірігуі» атты халықаралық конференцияда осындай пікір айтылды. Әлемнің әр бұршынынан жиналған саясаткерлер мен дін өкілдері және ғалымдар ғылыми байланысты  нығайтып, өзекті түйткілді шешу жолын бірге талқылады. Халықаралық маңызды шараға Қазақстаннан Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысты. 

Бұл - эмпирикалық таным мен діни сенімді біріктірген жиын.  25-тен астам діни дәстүрді ұстанатын 35 діни көшбасшы, әлемнің әр түкпірінен келген мықты ғалымдар, белсенді әрі ықпалды тұлғалар екі күн бойы климаттың жаһандық өзгерісін талқылау үшін  жиналды.  

Қазақстан Париж келісімін алғашқылардың бірі болып ратификациялады. Көміртегі ізін азайтуға және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге бағытталған саясат бар. Конференцияда сөз сөйлеген Парламент Сенатының төрағасы, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі хатшылығының басшысы  Мәулен Әшімбаев бүгінгідей геосаяси тұрақсыздық жағдайында аталған конференцияны өткізудің маңыздылығына тоқталды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Таяу Шығыста және басқа да аймақтарда қақтығыстар ушығып тұрған кезде рухани лидерлердің кездесіп, сұхбат құруы өзара түсіністік пен құрметке негізделген диалогты дамытуға үлкен үлес қосады. Қазіргі таңда әлем үшін дін көшбасшыларының жасампаз рөлі аса қажет. Бүгінгі конференция барша халықтың игілігі үшін және ортақ сын-қатерлерді еңсеру жолында шынайы ынтымақтастықты дәріптейді. Мұндай кездесулер конфессияаралық диалогты нығайтып, әлемді алаңдатып отырған өзекті проблемаларды шешудің тиімді жолдарын іздеуге ықпал етеді деп сенемін.

Сарапшылардың айтуынша, Орталық Азияда ауа температурасы әлемдік орташа деңгейден әлдеқайда жылдам көтеріліп келе жатыр. Сондықтан біздің ел климат мәселесі бойынша барлық мүдделі тараппен ынтымақтастықты дамытуға дайын. Осы ретте Алматыда БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі және жасыл энергетика жөніндегі өңірлік кеңсесін ашу межеленіп отыр. Бүгінгі кездесуде тараптар дәстүрлі энергия көздерінен жаңартылатын таза энергияға өтуді жылдамдату мәселесіне ерекше мән берді.

Садхви Сарасвати, Конфессияаралық ынтымақтастық жөніндегі жаһандық альянстың бас хатшысы:

- Бүгінгі жиын шабыт, ақпарат және инновациялармен бөлісу үшін рухани көшбасшылардың басын қосты. Бгінде бүкіл әлем бойынша азаматтардың шамамен 84%-ы дәстүрлі дін өкілі саналады. Бұл үлкен күш, оны оң өзгерістер үшін пайдалануымыз керек.

Эмиль Бассали, Дубайдағы Араб евангелиялық шіркеуінің аға пасторы:

- Ғалымдардың пікірімен толық келісемін, жасыл энергия тиімділігін өсіру, экожүйелерді толықтай қолдана білу және әлем болып ынтымақтасып әрекет ету керек.

Бибігүл Нысанбай, тілші:

- Бүгінгі конференцияда ғалымдар климаттың өзгеруі ұзақ мерзімді жылынуды жеделдету қаупі бар екенін айтты. Әлем боп атқарылып жатқан күш-жігерге қарамастан 2100 жылға қарай жаһандық температураның көтерілуі 2,5 градус цельсийға жетуі мүмкін.  Сондықтан, әлемнің көшбасшылары қарашаның 30-ы мен 12 желтоқсан аралығында қайта бас қосып 2015 жылы қабылданған Париж келісімін бір нақтылап алмақ. COP28 отырысында климаттың өзгеруімен күресу үшін нақты әрекеттер талқыланатын болады.

Авторлары: Бибігүл Нысанбаева, Ералы Тілеуіш