Түркияда Мұстафа Шоқайды еске алу жиыны өтті
«Тау тұлға, білікті саясаткер, түркі халықтарының мақтанышы». Бұл – Анадолы ғалымдарының Мұстафа Шоқай жайлы айтқан ортақ пікірі.
Анкарада азаттықтың шырақшысы атанған тұлғаны еске алуға арналған жиын өтті.
Түркия Республикасының 100 жылдығына орайластырылған шараны Жаһандық журналистер кеңесі мен Сахипкиран стратегиялық зерттеу орталығы ұйымдастырды. Келелі кеңестің Түркияда өтуі бекер емес. Өйткені Мұстафа Шоқай – тек қазақтың емес, күллі Түркі дүниесінің бірлігі мен азаттығы үшін күрескен алып тұлға.
Намык Кемал Зейбек, саясаткер:
- Мұстафа Шоқай – жер бетіндегі бүкіл түркілер үшін ұлы тұлға. Оған кеңестік кезеңде фашистермен байланысы болды және Түркістан легионын құрды деген қауесет жала жабылды. Расында, фашистер Бас қолбасшы бол деген ұсынысты жасады. Алайда Мұстафа бұл ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартты. Сол үшін өмірін қиды.
Мұстафа Шоқайдың ағартушылық еңбектері қашанда өзекті әрі барлық заманның талабына сай.
Туғрул Чамаш, тарихшы:
- Мұстафа Шоқай – Түркі әлемінің бүгінгі сауалдарына 100 жыл бұрын жауап берген тұлға. Шоқай Азаттық идеологиясын қалыптастырды. Оны іс жүзінде жүзеге асырды. Оның идеясы барлық уақыттың талабына жауап береді. 100 жылдан кейін де Түркі дүниесі деген сауалға Мұстафа Шоқайдың шығармаларынан толық жауап алуға болады. Ал оған жабылған жала негісіз. Бұл – сол уақыттағы режимнің бір айла әдісі.
Мұстафа Шоқайдың отаннан жырақ жерде жүрген кездегі еңбектері Еуропа баспаларында үнемі жарияланған. Сол кезеңде тәуелсіздік пен бостандықты аңсаған Түркістан халқын бүкіл әлем оның мақалалары арқылы танып білді. Алқалы жиында осы еңбектерден құралған «Кеңес үкіметінің Түркі әлемі саясаты» атты кітабы таныстырылды. Жинақтаған – Мимар Синан университетінің профессоры Әбдіуақап Қара. Бір ғасыр бұрын француз тілінде жарық көрген 120 мақаланың ең өзекті 41 таңдалған. Айтуынша, шығарма Мұстафа Шоқайдың ең көрнекті туындысы болмақ.
Әбдіуақап Қара, Мимар Синан университетінің профессоры:
- Мұстафа Шоқайдың өзі сөйлеп тұр. Яғни, мұны оқырман оның пікірінен, оның қаламынан туындаған еңбектерін оқып, өз қорытындысын шығарып, өз бағасын өзі береді. Біреудің айтқан бағасымен емес, өзінің көзімен оқыған Мұстафа Шоқайдың қаламынан шыққан туындыдан нақты бағасын береді. Біз Мұстафа Шоқайды бұған дейін ұлы мемлекет қайраткері деп білдік. Алаштың ардагерлерінің бірі деп. Мына кітапта оқығанда Мұстафа Шоқай сонымен қатар экономиканы күшті білген, халықаралық саясатты күшті білгені, тарихты жақсы білген, философияны жақсы білген, оны қаламынан көріп отырмыз.
Жиынға қатысушылар осындай шаралардың тарих пен ұлт зиялыларын тануда маңызы зор екенін атап өтті.
Авторы: Меруерт Қанағат.