Қазақ-қырғыз жастары Бішкекте бас қосты
Халықаралық форумға Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған бірқатар Сенат депутаттары қатысты.
Бауырлас елде өткен форум екі елдегі жас буынның достығы мен бірлігін арттырып, идея алмасуына сеп болары сөзсіз.
Айнұр Қуатқызы, тілші:
- Алып Алатаудың арғы беті мен бергі бетін ен жайлаған қазақ пен қырғыз ежелден бауырлас ел. Бұл рухани байланыс әлі де жалғасып келеді. Қос елдің достығы күн санап мығымдана түскен.
Алатаудың арғы бетіндегі жиынға біздің елден 30-дан астам жалынды жас келді. Жас буын, өскелең ұрпақтың өзара достығын нығайтуды мақсат тұтқан. Бұл тұста қос елдің бауырластық пен сенімге негізделген қарым-қатынасын айқын көруге болады.
Руслан Нұрлыбаев, форумға қатысушы (Қазақстан):
- Біз ғылым саласының маманы болғандықтан нақты фактілері бар әзірлемелерді айту керекпіз. Бірлесе отырып белгілі бір мәселелерді шешу, елдің түйткілді мәселелерін айта отырып, болашаққа жоспар құру секілді мәселелерді шешпекпіз. Менің өз бағытым нанотехнология. Осы арқылы экологияны жаксарту.
Нұрхан Орозбеков, форумға қатысушы (Қырғызстан):
- Бұл форум жақсы деңгейде өтіп, жақсы нәтиже береді деген сенімдеміз. Себебі болашақ - жастардың қолында деген сөз бар. Қазақстандық жастарды көріп жүрміз мықты. Олардан тәжірибе алып, жаңа білім алып мемлекеттеріміздің өнуіне үлес қосуға дайынбыз.
Бүгінгідей геосаяси тұрақсыздық жағдайында жұдырықтай жұмылып, сын-қатерлерді бірлесіп еңсерудің маңызы зор. Форумда сөз алған Сенат Төрағасы осылай деді. Ол үшін ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан ортақ тарихты біліп қана қоймай, оны зерделеп, одан тағылым алу керектігін тілге тиек етті.
Өзара байланысты одан әрі арттыруда ұрпақтар сабақтастығын сақтау маңызды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қазақ пен қырғыз – ежелден іргесі бөлінбеген, тарихы мен тағдыры егіз ұлттар. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қырғызстан – еліміз үшін тек одақтас қана емес, бауырлас мемлекет екенін үнемі айтып келеді. Қырғыз елінің басшысы Садыр Нұрғожаұлы Жапаров та қыркүйек айында «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында біздің тарихымыз бір, мәдениетіміз бір, ұранымыз бір деген еді. Екі ел басшыларының бауырластық пен сенімге негізделген қарым-қатынасы барлық сала бойынша ынтымақтастықты бекемдеуге үлкен серпін беріп отыр. Бұл ретте жас буынның, өскелең ұрпақтың өзара достығын нығайту – біздің ортақ міндетіміз.
Сонымен қатар, Қазақстан Парламентінің делегациясы ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 56-шы пленарлық отырысына қатысты. Қазақ депутаттары ТМД елдерінен келген әріптестерімен парламентаралық ынтымақтастықты нығайту, Достастық елдерінің тілдерін дамыту сияқты өзекті мәселелерді ортаға салды.
Сапар аясында Мәулен Әшімбаев Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің парламент басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Тараптар парламентаралық қарым-қатынастарды нығайту перспективаларын талқылады.
Авторлары: Айнұр Қутқызы, Бақыт Чермашев