Сұлтан Бейбарыстың мерейтойы: ғалымдар Түркияда бас қосты
Бейбарыс сұлтанның туғанына 800 жыл толуына орай Түркия астанасында халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазақстан елшілігі, Анкара университеті және Түркі мәдени қоры ұйымдастырған іс-шарада ғалымдар даңқты қолбасшының тарихтағы рөлін зерделеді.
Түркілердің алтын дәуірі: Сұлтан Бейбарыстың өмір сүрген кезеңі. Осындай атаумен Анкарада халықаралық конференция ұйымдастырылды. Оған Қазақстан мен Түркияның ғалымдары қатысты.
Ченгиз Томар, тарих ғылымдарының докторы:
- Байбарыс біздің түркі тарихы үшін маңызды. Тек қана түркі тарихы үшін ғана емес, ислам тарихы үшін, қыпшақ тарихы үшін де маңызды есім. ХІІІ ғасырда криспилер орта шығысқа келгенде, моңғолдар келген ол кісілермен соғысты. Ең үлкен Араб елінде Египетте, Сирияда түркі елін құрды. Османлы келгенге дейін Ислам әлемін құрған ел болды.
Өмер Айкурт, Түркі тарихы мен мәдениет қорының құрылтайшысы:
- Анкара университетінің тіл, тарих және география факультетінде өтуі кездейсоқ емес. Өйткені осыдан бір ғасыр бұрын Мұстафа Кемал Ататүрік ел астанасын Анкараға ауыстырып, түркология саласының дамуы үшін осы оқу ордасының негізін қалады. Байбарыс атамызды еске алу жиынын осы жерде ұйымдастыруды жөн деп шештік. Қор ретінде болашақ ұрпақтың тарихи тұлғаларын білуі үшін еңбек етіп келеміз. Себебі тарихын білмейтін ұлттар жұтылады.
Жиында арабтанушы Қайрат Сакидің «Сұлтан Бейбарыс» кітабы қалың оқырманға таныстырылды. Жинақта баһадүрдің бастан кешкен оқиғалары мен ерліктері суреттелген.
Қайрат Сәки, арабтанушы, кітап авторы:
- Бұл кітап 2000 жылы шыққан «Пирамида ішіндегі киіз үй немесе Сұлтан Байбарыс туралы» деген кітабымның толықтырылған және 22-23 жылдан кейінгі соңғы нұсқасы болып табылады. Бұл кітапта Сұлтан Байбарысты өмір жолы, күресі, дипломатиясы барлығы іс-әрекеттері орта ғасырлық тарихшылардың еңбектері негізінде жазылған.
Түркіге ортақ Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы еліміз бен алыс-жақын шет елдерде кеңінен атап өтіліп жатыр. Өзі билік құрған Каир қаласында Сұлтан әз-Захир Бейбарыс мешіті күрделі жөндеуден өтті. Осылайша, баба рухына құрмет көрсетіліп, кейінгі ұрпаққа батыр ерліктерін насихаттау жұмыстары жалғаса бермек.
Авторы: Меруерт Қанағат.