АҚШ-та сатушысыз жұмыс істейтін дүкендер тексеріледі
Америкалық ірі сауда желілері сатушысыз жұмыс істейтін дүкен желілерін тексереді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оған тұтынушылар тарапынан жаппай сын-ескертулердің көбейгендігі себеп болып отыр.
Айта кеткен жөн, автоматтандырылған кассалар пандемия кезінде тиімділігін көрсеткен еді.
Айжан Сыздықова, тілші:
- Бастапқыда өзіне өзі қызмет көрсететін кассалар жұмысшылардың еңбек шығынын азайтуға бағытталған болатын. 2000 жылдары олар барлық жерде енгізіле бастады. COVID-19 пандемиясы кезінде бұл тұтынушы мен кассир арасындағы байланысты азайту үшін ең тиімді шешім болды. Алайда уақыт өте келе бөлшек саудагерлер жұмысшы санын қысқартуда табысқа жеткенімен, техникалық ақаулар мен олқылықтарды жөндеуде айтарлықтай шығынға тап болды. АҚШ пен Еуропадағы зерттеулерге сүйенсек, өзін-өзі тексеру жүйелерін пайдаланатын бөлшек сауда желілерінің шамамен 4%-і шығынға ұшырайды, бұл саладағы орташа көрсеткіштен екі есеге көп. Бұл кездейсоқ қателіктерден де, қасақана ұрлықтан да болады. Өзіне-өзі қызмет көрсету кассаларындағы минималды бақылауды пайдаланып, кейбір тұтынушылар ұрлық жасайды, мысалы, кейбір тауарларды сканерлемейді, қымбат тауарларды арзанға ауыстырады, жалған штрих-кодтарды пайдаланады немесе бәрін сканерлеп, төлемей кетіп қалады.
Аль Таюб, тұтынушы:
- Мен өзіне-өзі қызмет ететін кассаны таңдаймын, себебі қарапайым кассада өзім мазасызданамын.
- Николас, тұтынушы:
- Мен қалыпты кассаны қолданғанды ұнатамын, алайда өзін-өзі тексеру жүйесі де жаман емес. Бірақ кейде менде сұрақ туындағанда, компьютер маған жауап бере алмайды, сол кезде кәдімгі кассирдің көмегіне жүгінемін.
- Дэрек, тұтынушы:
- Мен өзіне-өзі қызмет ететін кассаны жек көремін, негізінен қалыпты кассаны қолданамын, өйткені ол тез және жақсырақ.
Қазір шығындардың алдын алу үшін сауда желілері әртүрлі тәсілдерді қолданып жатыр. Мәселен, Нью-Мексикада кей дүкендер чек аппараттарын алып тастаса, басқалары азық-түлік өнімдерін сканерлеуге және төлеуге арналған мобильді қосымшадан бас тартып жатыр. Енді бірі өзін-өзі тексеру карталарындағы олқылықтарды бақылайтын қызметкерлер санын көбейтуге ниетті. Осылайша, тұтынушылардың өз-өзіне қызмет көрсетуі азайып отыр.