Газа секторындағы қақтығыс біржола тоқтай ма?
Израиль мен ХАМАС атысты тоқтату туралы бітімді тағы 2 күнге созып, тұтқын алмасуды жалғастырып жатыр.
Бірақ Израиль билігі келісім аяқтала салысымен әскери қимылдарға қайта көшетінін мәлімдеді.
ХАМАС өткен аптада атысты 4 күнге тоқтату туралы Израильмен келісімге келгелі 60-тан астам адамды босатты. Ал Израиль мәмілеге сай әр жылдары түрмеге қамалған 150-ге жуық палестиналықты еркіндікке жіберді. Босатылғандардың дені әйелдер мен балалар. Арасында бірқатар шетел азаматы бар. Жаңа келісім бойынша ХАМАС тағы 20 тұтқынды, ал Израиль болса 60 палестиналықты босатуға уағдаласқан.
Эйлон Леви, Израиль үкіметінің ресми өкілі:
- Қазір біз тұтқындағы азаматтарымыздың тізімін қарап жатырмыз. Бұл іске қауіпсіздік қызметінен бастап барлық құзыретті органдар жұмылдырылған. Алдағы уақытта мәселеге қатысты қосымша ақпарат жариялаймыз.
Усама Хамдан, ХАМАС өкілі:
- Біз Катар мен Мысырдың көмегімен қол жеткізілген уақытша бітімді жүзеге асыруға дайынбыз. Келісімнің шарттары толықтай орындалуға тиіс. Егер қандай да бір талап бұзылса, бітімнің үзілуіне әкелуі мүмкін.
Ал ақпарға қарағанда Газада әлі 175 Израиль азаматы тұтқында. Олардың кейбірі ХАМАС-тан басқа қарулы топтардың қолында болуы мүмкін.
Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:
- Күн сайын 10 тұтқынды босату туралы келісімді біз қолдаймыз. Алайда бітім аяқталған соң ХАМАС қозғалысын толықтай жойып, тұтқындағы азаматтарымыздың бәрін босату үшін операцияны қайта жалғастырамыз.
Дегенмен, Израильде әскери қимылдарға қарсы шерулер жиіледі. Тұрғындар биліктен қақтығысты тоқтатып, жақындарын қайтаруды сұрап жатыр. Газа секторында да жұрт халықаралық қауымдастықты қақтығысты тоқтатуға күш салуға шақырды.
БЛИЦ:
- Әйел. Мен озбырлықтың кез келген түріне қарсымын. Бейбіт бітім ұзартылады деп сенемін. Өйткені мәселені күшпен шешуге болмайды. Әрине лаңкестерді жазалау керек шығар. Бірақ бұдан Газадағы бейбіт тұрғындар жапа шекпеуге тиіс.
- Ер адам. Келісім мерзімі ұзартылмай, қақтығыс қайта ушықса бейбіт халық қасірет шегеді. Сондықтан әлем елдері атысты тоқтатуға күш салуы керек.
Халықаралық ұйымдар да Газадағы қақтығысты келіссөз арқылы шешуге шақырып әлек. Себебі, аймаққа гуманитарлық апат қаупі төніп тұр.
Дәурен Ақашұлы