2023 жыл – ең ыстық жыл болуы мүмкін
Биылғы жыл көп елде рекордтық температурадан басталды. Жаздағы аптап әлем жұртын әбігерге салды. Күздің өзі аномальды ыстық болды.
Еуропа тұрғындары биыл күзгі аптап ыстықтың көкесін көрді. Қыркүйекте Австрия, Бельгия, Германия, Польша мен Швейцарияда рекордтық температура тіркелді. Тұрғындар келесі айда күн салқындай ма деп күткен еді. Бірақ қазанда да осындай жағдай қайталанды. Әсіресе Франция, Испания мен Португалияда ыстық болды. Мұнда температура 40 градусқа тақады. Сөйтіп қазан айы метеобақылау тарихындағы ең ыстық ай ретінде тіркелді.
Әлемдегі орташа температура 15,3 градус болған. Бұл 1991-2020 жылдар аралығындағы орташа көрсеткіштен 0,85 градусқа жоғары.
Өткен айда теңіз бетінің де орташа температурасы 20,79 градусты көрсетіп, рекордтық межеге жеткен.
Саманта Берджесс, климаттың өзгеруі жөніндегі Сopernicus қызметі директорының орынбасары:
- Рекордтық температуралар тек қазанда ғана емес, бірнеше ай қатарынан тіркеліп отыр. 2023 жыл әлі аяқталған жоқ. Бірақ ол адамзат тарихындағы ең ыстық жыл болады деген болжам бар. Қазірдің өзінде орташа температура бұған дейінгі рекордтық көрсеткіштен 0,1 градусқа жоғары.
Бұған не себеп деген сауал туындайды. Мамандар бұл климаттың өзгеруінің көрінісі дейді. Айтуларынша, жаһандық жылынудың салдары біз ойлағаннан да ерте байқалып жатыр. Болжамдар тіптен көңіл көншітпейді. 2030 жылға таман жер бетіндегі орташа температура бір жарым градусқа жоғары болады. Ал 2050 жылы көрсеткіш 2 градусқа көп болады деген болжамдар айтылып жатыр. Ғалымдар мұндайды болырмау үшін ауаға бөлінетін көмірқышқыл газының мөлшерін азайту керек дейтін. Енді мұның өзі де жеткіліксіз сияқты. Сондықтан табиғат жанашырлары экологиялық нормаларды бұзатын елдерге салық салу керектігін айтады.
Энн Олхофф, ауаға бөлінетін зиянды заттар туралы баяндаманың бас ғылыми редакторы:
- Біз бұған дейін талай мәрте парниктік газдарды азайту керек деп айтып келдік. Тиісті межеден аспау керектігі туралы ескертілді. Бірақ шындығында жағдай еш өзгермеген. Биылғы есептің былтырғысынан еш айырмашылығы жоқ. Өзіне жүктелген міндеттемелерді орындап отырған ел шамалы.
Негізі биыл жыл басында кейбір елдерде аномальды қыс тіркелді. Бұл әсіресе Еуропа елдерінде қатты байқалды. Мысалы, Испанияда 1 қаңтарда 25,1 градус тіркелді. Ол бұл мезгіл үшін аномальды құбылыс. Мамандар алдағы қыста да тура осындай жағдай қайталанатынын ескертеді. Алысқа бармай-ақ, көрші Ресейдің өзінде алдағы маусымда ең жылы қыс болады деп болжанып отыр.
Жұлдыз Атагельдиева, Ақерке Бақтыбайқызы, «Хабар-24».