Кедей елде бала көп. Шартарап
Демография: Даму ма, дағдарыс па?
Жапонияда кейінгі бір жылда еңбекке жарамды адам саны 230 мыңға кеміді. Қазір мұндағы халықтың 29 пайызы – қарт кісі. Сондықтан жұмыс күші азайды. Көлік, электроника саласында маман тапшы. Бұлай кете берсе, күншығыс елі әлемнің ең ірі экономикаларының бірі деген атаудан алыс қалатын түрі бар. Қазір жапондар бала бағудан да қашады. Туу көрсеткіші ең төмен мемлекеттердің бірі. Былтыр 125 млн азаматы бар мемлекетте 800 мыңға жетер-жетпес қана сәби дүниеге келген. Бұған алаңдаған ірі компаниялар кеңселерде балалар бөлмесін жасақтап, бүлдіршіндерге де қарайласатын арнайы қызметкерлерді де жұмысқа тарта бастаған.
Кентаро Йеллин, тұрғын:
- Баламызға қарайтын уақыт жоқ. Өзім де, әйелім де, ертеден қара кешке дейін жұмыстамыз. Өзім жұмыс істейтін компания осындай мүмкіндік бергені үшін қуанамын. Әйтпесе, мансабымыз жайына қалар еді.
Кәрі құрлықта қарттар көп
Еуропалықтар да сәби сүйгеннен көрі мансапты тәуір көреді. Оның үстіне қымбатшылық бар. Баланы бағып-қағудың машақаты, одан қалды шығынынан қашады көбі. Италияда былтыр халық саны 1,7 пайызға кеміді. Бұл бұрын соңды болмаған минимум. 1861 жылдан бері мұндай дағдарыс осымен 14-ші рет қайталанған. Оған туу көрсеткішінің төмендеуі себеп. Оның үстіне Еуроодақтың әрбір бесінші тұрғыны 65-ті алқымдаған қария. Мұндай жасы 80-нен асқан тұрғындар Италия, Грекия, Германия, Португалия мен Францияда көп.
Кедей елде бала көп
2050жылға қарай әлем халқының төрттен бірі африкалықтар болуы әбден мүмкін. 130 жыл бұрын мұндағы адам саны 140 миллион болса, қазір бір миллиардтан асты. Тіпті құрлыққа сыймай, халықтың біразы шет ел асып, босқынға айналған. Өйткені бұл елде кедейлік кебін кигендер көп. Білім сапасы нашар. Медицина мүлдем дамымаған. Сонда халық қалай көбейіп жатыр? Бір ғана Нигер елін алайық. Мұнда қыз балалардың 76 пайызы 18-ге жетпей, тұрмыс құрады. Бір әйелдің ең төменгі туу көрсеткіші - 7 бала. Тіпті жақында ғана 70-ке келген кейуана, егде тарқан шағында егіз босанып, қара құрлықтағы қарт ана атанды. Осыған дейін, 74 жасында дүниеге сәби әкелген үндістандық әжей рекорд орнатып еді.
Сафина Намуквая, 70 жастағы ана:
- Екі бірдей егізді асырайтындай тұрмысым керемет деп айта алмаймын. Тіпті жұмыс істеуге қауқарым да жоқ. Қартайсам да, қатты сәбилі болғым келді.
Көш басында Үндістан
Үндістан демекші, кедей елдер ішінде бұл ел де бар. Шәй мен пілдің отаны - әлем бойынша халық саны ең көп мемлекет екені белгілі. Қытайдың өзін басып озып, бірінші орынға шықты. Мұндағы халық саны - 1 428 627 663. Мінеки біздің ел кедей болсаң көшіп көр деуші еді. Ал Үнді жұрты бала-шағасының көптігімен мақтанады. Тұрмыс тауқыметіне мойып жатқан ешкім жоқ сірә?!