Румынияда қызылшаға байланысты эпидемия жарияланды

Әлемнің кей елдерінде де қызылша аруы өршіп тұр.

Мысалы, Румынияда осы дерттің таралуына байланысты эпидемия жарияланды. Мәліметке қарағанда кеселді 2 мыңнан аса адам жұқтырған. Науқастырдың дені балалар. Дерт 41 уездің 29-ында тіркеліп отыр. Ахуалға байланысты билік халық арасында осы жұқпалы ауру туралы түсіндіру жұмыстарын қолға алды. 9-11 айлық сәбилерді егу жұмыстары күшейтілді. Жалпы былтыр дүниежүзінде қызылшаның таралуы 18 пайызға артып, 9 миллионға жуық адам жұқтырған екен. Мамандар алдағы жылдары жер жаһанда дерттің өршуі мүмкін деп болжап отыр. Өйткені былтыр 33 миллион бала осы дертке қарсы егілмеген.

Қытайда соңғы айларда тыныс алу аурулары өршіді. Әсіресе дерт балалардың арасында көбейген. Оған көбіне 5 пен 12 жас аралығындағы жеткіншектер шалдығуда. Бірақ соңғы аптада вирус ересектерден де анықталып жатыр. Мәліметке сүйенсек күніне ауруханаға 7 мыңнан аса науқас түсіп жатыр. Инфекцияға шалдыққандардың көбі солтүстік провинция тұрғындары. Жұқпалы ауру мұғалімдер мен оқушылар арасында көптеп тарап, мектептерде сабақ тоқтатылды. Сарапшылар мұны микроплазмалық пневмония деп айтып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәселеге байланысты Бейжіңмен тығыз байланыста екенін мәлімдеді.

Мария Ван Керхове, ДДСҰ өкілі:

- Соңғы апталарда кей елдерде респираторлқ аурулардың өршіп жатқаны айтылып жатыр. Әсіресе Қытайда балалардың арасында белгісіз пневмония ауруына шалдығуы көбейген. Осыған байланысты біз Қытай билігінен дертке қатысты қосымша мәлімет сұрадық.

Ал қара құрлықта безгек ауруы өршіп тұр. Әсіресе індет Кения, Эфиопия, Нигерия, Угандада көптеп таралуда. Эфиопияда жыл басынан бері 1 милион 250 мыңнан аса адам дерт жұқтырған. Камерун мен Эфиопияда да осыған ұқсас жағдай. Сарапшылар бұл дертпен күресудің ең тиімді жолы екпе деп отыр. Безгек ауру адамнан сау адамға маса арқылы беріледі. Дерекке сүйенсек бұл аурудан әлемде жыл сайын 500 миллионға жуық адам ауырып, 1 миллионы көз жұмады екен.

Джульетта Хэнни, Камерундағы ЮНИСЕФ өкілі:

- Бүгін ерекше күн. Біз безгекке қарсы жаңа екпенің алғашқы партиясын қабылдап жатырмыз. Камерун Африкадағы осы кесел ең көп тараған елдің бірі. Сондықтан екпе індетті жеңуге септігін тигізеді деп сенеміз.