Оңтүстік Кореяда қазақстандық шеберлерінің көрмесі өтуде
Оңтүстік Кореяда Қазақстанның заманауи өнерінің көрмесі өтіп жатыр.
Солтүстік Чолла халқы 13 отандасымыздың көз майын тауыса жазған картинасын тамашалады. Жалпы Чонджудағы өнер мұражайында 8 жыл ішінде небәрі 5 халықаралық көрме өткен. Көбіне Қытай мен Индонезия суретшілерінің туындылары қойылатын. Қазақстан алғаш рет қатысып отыр. Көрме келер жылдың наурызына дейін жалғасады. Оның аясында қазақстандық қылқалам шеберлерінің 50-ден аса картинасы ел назарына ұсынылады.
Ким Мин Ён, көрме жетекшісі:
-Бұл көрме Қазақстан мен Солтүстік Чолла провинциясы арасындағы мәдени байланыс аясында өтіп жатыр. Суретшілер қоғамдағы өзгерістерді қағаз бетіне түсіреді. Көрме жарқын болашақты елестетуге мүмкіндік береді.
Ким Ю Ри, Чонджу тұрғыны:
- Мен Қазақстан жайлы көп естідім, бірақ болған емеспін. Осындай көрмелер арқылы елді тануға болады. Маған әрбір шығарма ұнады және Қазақстан туралы әлі де көбірек білгім келеді.