Өзбекстан жылыжайлары көмірге көшті

Өзбекстандық жылыжай шаруашылығының өкілдері газ тапшылығына байланысты жаппай көмірге көшіп жатыр.

Бұған мемлекет тиісті жеңілдік ұсынған. Қатты отын қымбат болғанымен, қызуы жоғары. Сондықтан жылыжайларда қажетті ауа температурасы ұзақ уақыт сақталып тұрады. Өзбекстандық фермерлер осы жағдайды пайдаланып, дәстүрлі нарықтарға қызанақ экспортын ұлғайтуға ниетті. Негізгі сатып алушылар – Қазақстан мен Ресей. Еліміздегі импорттық қызанақтың тең жартысы әдетте оңтүстік көршімізден жеткізіледі. Былтыр елімізге өзбекстандық 34 мың тонна өнім әкелінген. Таяуда Ташкент облысында ашылған жаңа 12 гектарлық жылыжай да осы көрсеткішті арттыруы мүмкін. Мұнда өсірілген қызанақтың келісі 900 теңгеге бағаланып отыр.

Асқар Асланов, жылыжай шаруашылығының басқарушысы:

- Мемлекет техника, тыңайтқыш және несие жағынан жеңілдік жасады. Биыл бірінші рет қызанақ алып отырмыз. Өнімділікке көңіл толады. Келер жылы қияр экспортын да бастаймыз. Көмірге көшкеніміз жақсы болды. Қызуы жоғары. Ресейге таяу арада қызанақ партиясын жөнелтеміз. Сосын Қазақстан нарығын да бағамдап көреміз.