Бакуде Қазақстанның Тәуелсіздік күні аталып өтті
Тәуелсіздік күніне орай арнайы іс-шара ұйымдастырылды.
Ұлық мейраммен бауырлас елдің ресми өкілдері, дипломаттар, қоғам қайраткерлері және журналистер қауымы келіп құттықтады.
Бакудегі Қазақстан елшілігінде тәуелсіздік күніне орайластырылған іс-шараға жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Бауырлас елдің азаматтары Қазақстан халқын төл мерекесімен құттықтап, ізгі ниеттерін білдірді.
Эльдар Исмаил, "Деде Горгуд" қорының президенті:
- Қуғын-сүргін кезінде Әзербайжаннан, Дағыстан мен Қабарда-Балқариядан жүз мыңдаған адам Қазақстанға депортацияланды. Осындай қиыншылық заманда қазақ халқы оларға қамқорлық танытып, бауырына басты. Сол үшін Әзербайжан жұрты сіздерге алғысы шексіз.
Чингиз Абдуллаев, Әзербайжанның халық жазушысы:
- Қазақстанды жақсы көремін. Онда менің оқырманым көп. Сіздерді мерекелеріңізбен құттықтаймын. Біздің мемлекеттеріміз егемендік алып, қазір тәуелсіз елдер ретінде достығымыздың жалғасып жатқаны қуантады.
Дипломатиядық өкілдікте тағы бір маңызды оқиға атап өтілді. Қарашада Түркі мемлекеттері ұйымының оныншы саммитінде Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының президенті болып Қазақстанның бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова тағайындалды. Бұл ұйым Әзербайжан бастамасымен 2012-жылы құрылған еді.
Ақтоты Райымқұлова, Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының президенті:
- Қор түркітілдес елдердің мәдени мұраларын сақтап қалу бағытында жұмыс істеп жатыр. Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде стратегиялық даму бойынша құжаттар мен міндет-мақсаттар белгіленді.
Әлім Байел, Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі:
- Әзербайжан мен Қазақстан - стратегиялық серіктес елдер. Біз экономика, сауда-саттық, инвестиция, энергетика, көлік-логистика секілді түрлі саладағы ынтымақтастығымызды нығайтып келеміз. Мемлекет басшыларымыз үнемі байланыста. Тек биылдың өзінде ғана олар бірнеше халықаралық іс-шара кезінде кездесу ұйымдастырды.
Шара аясында Қазақстан туралы бейнефильм көрсетіліп, меймандарға ұлттық тағамдарымыз ұсынылды.
Авторы: Мехрибан Касумова