Парижде ТҮРКСОЙ ұйымының 30 жылдығы атап өтілді
Парижде ЮНЕСКО-ның штаб пәтерінде ТҮРКСОЙ ұйымының 30 жылдық мерейтойы атап өтілді.
Шарада ұйымға мүше 7 елдің әртістері өнер көрсетті. Сондай-ақ ТҮРКСОЙ халық аспаптары оркестрі Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан және Түрікменстанның музыкалық мұрасынан танымал туындыларды орындады. Қазақтың әйгілі «Қара жорғасы» мен Латиф Хамидидің «Бұлбұл» шығармасы да назардан тыс қалмады. Шара аясында түркі елдерінің мәдени астаналары таныстырылды. Ал Қазақстандағы астана – Ақтау қаласында ауқымды іс-шаралар келер жылы жалғасын табады, - дейді ЮНЕСКО бас директорының орынбасары Энтони Охеменг. Оның сөзінше, ТҮРКСОЙ-дың мерейтойын Парижде атап өту ұйымның түркі елдерінің мәдени мұрасын дәріптеп, бейбітшілікті нығайтуға қосқан зор үлесін мойындаумен пара-пар.
Энтони Охеменг-Боама, ЮНЕСКО бас директорының орынбасары:
- Меніңше, бұл ЮНЕСКО ұйымы үшін өте маңызды. Бірнеше ел тоғысқан құрылымның мәдени құндылықтарын дәріптеп, елдер арасында ынтымақтастықты арттырудағы үлесі орасан. Әсіресе біз өмір сүріп жатқан қоғамда ел мен елді, халық пен халықты байланыстырып, руханият пен мәдениетті насихаттау үлкен маңызға ие.
Саид Юсуф, ТҮРКСОЙ ұйымы бас хатшысының орынбасары:
- Білесіздер, ТҮРКСОЙ ұйымы әлемге түркі елдерінің мәдениетін паш етуге ұмтылады. Бүгінгі шарада әр елдің құнды мұрасы құнтталып, мәдениет пен руханияттағы өзіндік орны айшықталды. Бұл орайда ұйым әлем халықтарын түркі жұртының дәстүр-мәдениетімен таныстыруға әлде де күш жұмсап, зор үлес қосатынына сенімдіміз.
Флоранс Вивьен, «Galaxy Art» көркемсурет галереясының жетекшісі:
- Концерт әр елдің дәстүр-мәдениетін білуге, қалыптасу кезеңімен танысуға мүмкіндік берді. Өйткені біздер, француздар, руханият пен мәдениеттің маңызын жіті түсіне бермейміз. Ал бұл құндылықты түркі елдерінің сахналауы біз үшін қызықты болды.