Ет жегісі келмейтін Еуропа

Кейінгі кездері әлемде малдың етін жеуді шектеу туралы ұсыныстар айтыла бастады.

Бұл бастама климаттың өзгеруімен тікелей байланысты. Мал етінің климатқа не қатысы бар дерсіз. Мына қызықты қараңыз.

Дүние жүзіндегі барлық адам ет жеуден бас тартса, онда жер шарының ауасы 70 пайызға тазарады екен.

Жалпы әлемде ауыл шаруашылығына жарамды 5 миллиард гектар жер бар екен. Оның 68 пайызы – жайылым. Климат мәселесін көтеріп жүрген мамандар "жер бетіндегі барлық адам ет жеуді тоқтатса, онда аталған жайылымның 80 пайызына көкөніс пен жасыл желек егіп, оттегі алмасуды жақсартуға болады" дейді.

2024 жылдан бастап Нидерландтың Харлем қаласында етті қоғамдық орында жарнамалауға тыйым салынды. Мұндай заң әлемде алғаш рет қабылданып отыр. Құжат авторларының айтуынша, мал шаруашылығы қоршаған ортаға орасан зор зиян келтіреді.

Ал ЕуроОдақ зиянды ауа қалдығын біржола жою үшін адам жылына 24 келі ғана ет жеуі керек деп есептейді. "Кәрі құрлық" 2050 жылға дейін осы мақсатқа жетуді көздеп отыр. Келесі жылы Париж Олимпиадасына баратын қазақтарға қиын болғалы тұр. Өйткені Жазғы спорт ойындарын ұйымдастырушылар тағамның 60 пайызын етсіз дайындамақ.

Тони Эстангуэт, "Париж 2024" Олимпиадасын ұйымдастыру комитетінің президенті:

- Ет өнімдерін азайту арқылы біз климат өзгерісіне қарсы күреске елеулі үлес қоса аламыз. Иә, бұл мүлде жаңа нәрсе. Сондықтан Олимпиадаға атсалысатын адамдарды қазірден дайындауымыз қажет. Етке қарағанда өсімдік тағамдары өте пайдалы. Бұл күмәнсіз.

Бірақ бұған күдікпен қарайтындар бар. Әлемдегі ең көп ет жейтін мемлекеттердің көш басында АҚШ пен Австралия тұр. Бұл елдерде бір адам жылына орта есеппен 120 келі ет асайды.

Ал Моңғолия, Аргентина, Испания, Сербия азаматтарының жылдық нормасы – 100 келі. Осы тізімдегі Аргентинада қазір дағдарыс. Себебі жылдық инфляция деңгейі 161 пайызға жеткен. Еттің бағасы 65 пайызға дейін қымбаттады. Бұдан етті сүйіп жейтін халық қатты қиналып отыр.

Сергио Гомес, Буэнос-Айрес тұрғыны:

- Өткен аптада ғана сиыр етінің келісі 3 доллардай тұратын. Қазір бағасы 5 долларға жетіпті. Бізде ешқашан мұндай баға болған емес. Біздің халық ет жеп үйренген. Әсіресе, қарттарға қиын.

Бірақ қанша жерден қымбат болса да, түрлі шектеу қойылса да, әлемде етке сұраныс өсе береді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамы бойынша, 2030 жылға қарай ет сатылымы 14 пайызға артады. Оның ішінде, құс етіне сұраныс 41, ал сиыр етін тұтыну деңгейі 20 пайызға жетпек. Бұдан бөлек, зерттеушілер 10 жылдан кейін әлемдегі еттің 10 пайызы жасанды болады дейді.

Лондонда ғасырлық тарихы бар жақсы дәстүр бар екен. Ол 3 жыл бұрын коронавирус кезінде тоқтап қалған. Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында етті арзан бағаға сататын жәрмеңке жұмысы қайта жанданды. Оған қатысу үшін жүздеген адам ет базарына арнайы келген.

- Мына жәрмеңке "Іздегенге – сұраған" болды. Жаңа жылдың алдында арзан бағаға біраз жақсы ет сатып алдым. Бір жағынан көңілді. Жұрт талап алып жатыр.

Сұраныс артқанымен, қазандағы еттің бәрі асқазанға түспейді. Әлемде жыл сайын 52 миллион тонна ет ысырап болады. Мәлімет халықаралық "Тұрақты өндіріс және тұтыну" журналында жарияланды. Мамандар 158 елде тұрғындардың ірі қара, қой мен ешкі, доңыз және тауық етін жеу статистикасын жүргізген.