Екпе салу экономикалық жағынан тиімді. Шартарап
Елде эпидемия жарияланды
Румынияда қызылшаның таралуына байланысты эпидемия жарияланды. Кеселді 2 мыңнан астам адам жұқтырған. Науқастардың дені бала. Дерт 41 уездің 29-ында тіркеліп отыр. Ахуалға байланысты билік халық арасында осы жұқпалы ауру туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп әлек. Эпидемия басталғаннан кейін елде қызылшадан 7 айлық бала шетінеп кеткен. Осыдан кейін, Румыния Денсаулық сақтау министрлігі 9-11 айлық сәбилерді егу жұмыстарын күшейтті.
«Дүниежүзіндегі балалар тұрғылықты жеріне қарамастан қызылшаға қарсы вакцина ектіруге құқылы. Пандемиядан кейін табысы төмен елдерде ауру айтарлықтай асқынды. Қызылша «кездейсоқ вирус» емес. Бұл вакцина салдырмаудың салдарынан тарайды».
Кейт О' Брайен, ДДҰ иммундау департаментінің директоры
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, қызылшаның қатты өршіп кеткенін пандемияның салдарымен байланыстырады. Олардың есебінше, 2020-2022 жылдар аралығында қызылшаға қарсы вакцинаның 61 млн дозасы егілмеген немесе уақытынан кешіктірілген екен.
Екпе салу экономикалық жағынан тиімді
АҚШ-та екпе салдыру деңгейі жоғары. Бұл ел 2000 жылы қызылшаны жеңіп шыққан мемлекет атанған. Бірақ 2019 жылы 1300 ден астам адам қайта ауру жұқтырған. Бұл 1992 жылдан бергі ең үлкен көрсеткіш. Ауруды жұқтырғандардың бәрі шетелге саяхаттағандар, не олармен қарым-қатынаста болғандар. 2009 жылы вакцина елде 3 мың өлімнің алдын алып, 8 миллион доллар үнемдеуге септескен. Америкалықтар мұның экономикалық жағынан да тиімді екенін жақсы түсінеді.
«Қызылшаның өршуі мен одан болатын өлім-жітім санының өсуі таң қалдырады, бірақ, өкінішке қарай, біз кейінгі жылдары байқап отырған вакцинация көрсеткіштерінің төмендеуі жаңалық емес. Қызылшаның алдын алу үшін, бүкіл ел тиісті шараларды қабылдауға тиіс».
Джон Вертефей, АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының директоры
Екпе салдырмағандар айыппұл төлейді
Германияда да қызылшаға қарсы вакцина міндетті екпе қатарына жатады. Тиісті заң 3 жыл бұрын күшіне енген. Оған сәйкес, балабақша мен мектепке баратын барлық бала қызылшаға қарсы екпе салдыру керек. Әйтпесе ата-анасына айыппұл салынады. Оның мөлшері 2 жарым мың еуроға дейін жетеді. Бұл біздің ақшамен 1 миллион 300 мың теңгеге жуықтайды. Емдеу, білім беру және әлеуметтік мекеме қызметкерлеріне де осындай талап қойылады. Өйткені 2018 жылы мұнда ауру қатты өршіп кеткен. Вакциналау нәтижесінде қызылшаны жұқтыру деңгейі айтарлықтай төмендеген. Бірақ кейінгі кездері індеттің өршу деректері тіркеле бастады. «Бұл елге келген мигранттармен байланысты», - дейді сарапшылар. Өйткені олардың арасында екпе салдырмағандар көп.
Газа секторында да қызылша ұшынып тұр. ЮНИСЕФ мұндағы 80 мың балаға қызылшаға қарсы вакцина екті. Бірақ қауіп жоғары. Жалпы ұйым алдағы жылы әлем бойынша 17,3 миллион балаға қызылшаға қарсы екпе салуды көздеп отыр.
Қызылшаның асқынуы вакцинациядан бас тартатындар қатарының көбеюімен байланысты. Дәрігерлер «Қызылшаға қарсы жалғыз ем – екпе алу», - дейді.