АҚШ тұрғындары президент сайлауының әділ өтетініне күмәнданды
Биылғы қараша АҚШ үшін аса жауапты кезең болғалы тұр.
Американдықтар кезекті президент сайлауының бұл жолы әділ өтетініне күмәнмен қарайды. Саффолк университетінің алдын ала жүргізген сауалнамасына сәйкес, ресми тіркеудегі республикашылардың 46 пайызы бюллетеньдердің әділ саналатынына сенімсіздік білдірген. Ал саяси науқанда Демократиялық партия атынан АҚШ тарихындағы ең егде жастағы президент Джо Байден және республикалық партияның алты кандидаты, оған қоса тәуелсіз үміткерлер де таласқа түспек. Олар кімдер?
АҚШ билігі саяси тартысты кезеңге белсенді кірісіп кетті. Демократ Джо Байденнің басты қарсыласы республикашыл Дональд Трампқа қатысты айыптаулар артпаса, азаяр емес. Алайда әккі саясаткер қудалаудың саяси астары бар екенін айтып, өзінің ұпайын түгендеу үшін пайдаланып келеді. Cауалнамаға сай республикашылардың 62 пайызға жуығы Трампты қолдайды. Экс-президентке 91 айыптау бойынша 4 қылмыстық іс қозғалған. Сондай-ақ, ол үш жыл бұрын Капитолийде болған қақтығысқа қатысы бар деп айыпталуда.
Мэтью Грейвс, АҚШ-тың Колумбия округі бойынша прокуроры:
- Капитолийге жасаған қылмыстары үшін қылмыстық топ мүшелерін жауапқа тарту бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. Істі қарау барысында қақтығысқа қатысты мыңдаған адамның келтірген залалы емес, басты айыпталушылардың әрекеттеріне баса назар аударылды. Себебі 6 қаңтардағы заң бұзушылықтардың зардабы мен оның қайталанбауын қамтамасыз ету үшін оқиғаның неден және қалай болғанын түсіну маңызды.
Былтыр желтоқсанда Колорадо соты экс-президент Дональд Трамптың осы көтеріліске қатысы бар деп айыптап, оны Ақ үйге үміткерлер тізімінен сызып тастады. Бұл АҚШ тарихында бұрын соңды болмаған жайт.
Ричард Пилдес, конституциялық құқық профессоры:
- Бұрынғы президент пен Колорадо Республикалық партиясы Трампты сайлау бюллетеніне енгізуге болмайтыны туралы Колорадо сотының шешімін қайта қарауды және күшін жоюды сұрап Жоғарғы сотқа өтініш берді. Колорадодағы сотта жеңіске жеткен талапкерлер де Жоғарғы сотты істі қарауға шақырды. Мен Жоғарғы сот бұл істі қарауға келіседі деп ойлаймын. Сондай-ақ шұғыл әрі әділ қорытынды шығарады деп үміттенемін.
Ал Джо Байден АҚШ демократиясын қорғау жолында әлі де аянып қалмайтынын айтып бағуда. Дегенмен жасы сексеннен асқан, ел тарихындағы ең қарт президент үшін экономикалық жағдай сайлаушылардың сеніміне тікелей әсер етіп тұр. 2022 жылы инфляция 40 жылдағы ең жоғары деңгейге жетіп, азық-түлік пен жанармай бағасы көпшіліктің ренішін туғызды. Байденнің миграциялық саясаты да республикашылар мен демократтар тарапынан сынға ұшырады. Қазір АҚШ-Мексика шекарасындағы мигранттар саны рекордтық деңгейге жетті.
Айжан Сыдықова, тілші:
- Президенттікке тағы бір үміткер Флорида штатының губернаторы, республикашыл Рон Десантис. Ол президент болса, Трампқа кешірім беретінін айтып отыр. Алайда аса танымал тұлға да емес. Оны партияластарының тек 12% қолдайды. Ал Оңтүстік Каролинаның бұрынғы губернаторы, 51 жастағы Никки Хейли Байден мен Трампқа қарағанда жас және өзінің үнді иммигранттарының қызы екенін айтып, сайлаушыларға үн тастап отыр. Ол Десантистан сәл ғана қалыс қалып, республикашылардың арасында 11% қолдау тапты. Кіші Роберт Кеннеди де тәуелсіз кандидат ретінде президенттік сайлауға түсуге ниетті. Тағы бірқатар үміткер аса танымалдыққа ие болмай тұр. Ел тарихындағы алпысыншы Президентті сайлау биыл 5 қарашада өтеді.
Айжан Сыдықова