Өзбекстан АИ-80 бензинін өндіруді тоқтатады
Елімізде АИ-80 маркалы бензиннің өндірісі тоқтағанына биыл 6 жыл.
Біздегі зауыттар К4 және К5 стандартына көшкен. Араға бірнеше жыл салып, іргедегі Өзбекстан да осы тәжірибені қолдануға ниетті. Яғни экологияға зияны көп жанармай түрінен толыққанды бас тартпақ. Ала шапанды ағайын бұған дейін нарықтағы бензин құнын мемлекеттік деңгейде реттеп келген. Тек қаңтар айынан бастап жеңілдік мерзімі тоқтатылды.
Аи-80 Өзбекстанда әлі кең қолданылатын жанармай. Мұнай өңдеу зауыттары өндірісін азайтқан емес. Жағдай 2026 жылға қарай өзгеруі тиіс. Үкімет экологиялық зиян деп танылған бензиннің орнын еуро стандарт өніміне алмастырмақ. Яғни, алдағы 2 жылда АИ-92 өндірісін кезең-кезеңімен ұлғайту көзделген.
Бахтиёр Эргашев, энергетика саласы бойынша сарапшы:
- Бұл Өзбекстандағы ең танымал бензин. Оған сұраныс бізде әзірге жоғары болып тұр. Басқа жанармайға халықты толыққанды көшіру қиынға соғады. Қымбатын көптің қалтасы көтермейді. Сондықтан жергілікті зауыттарда бұл бензиннің өндірісі тоқтағанымен, белгілі бір мөлшерде импорт сақталады деп ойлаймын.
Мемлекет өткен желтоқсан айына дейін сырттан жеткізілетін бензинге акциздік төлем талап етпей келді. Биыл бұл жеңілдіктің күші жойылған. Сәйкесінше, бағада біршама өзгеріс бар. Аи-80 жанармай құю станцияларында 7 мың, кей жерде тіпті 9 мың сом, яғни 330 теңгеге саудаланып жатыр. Бастысы тапшылық жоқ. Үкімет жағдайға араласып, шекті бағаны бекітуді көздеп отыр.
Хасан Тошходжаев, Өзбекстан энергетика министрінің кеңесшісі:
- Мемлекеттік «Өзбекмұнайгаз» компаниясы күн сайын жанармай құю станцияларына 3100 тоннадай бензин жеткізіп беруде. Сондай-ақ биржа саудасына тағы осынша көлемде жанармай және 1000 тоннадан аса дизель отыны шығарылады.
Одан өзге жанармай түрлерін көпшілік қалтасы көтере бермейді. Сұраныс та аз. Мәселен «Globak Petrol Prices» мәліметіне сай, көршімізде АИ-95-тің бір литрі 1 доллардан асады. Қырғызстанда да баға осыған шамалас. Ал Қазақстан, Түрікменстан, Әзербайжанда екі есе арзан. Әлемдік бензин құны жөніндегі тізімде еліміз 11-ші орында.
Рауан Мыңбаев, тілші:
-«Globak Petrol Prices» мәліметті ұдайы жаңартып отырады. Соңғы рейтинг 8 қаңтар күнгі деректер негізінде жасалған. Мамандардың айтуынша, баға мемлекеттің мұнай өндірісіне тікелей байланысты. Оны сырттан тасымалдайтын елдерде шығын көбірек. Сондықтан түпкілікті өнім қымбатқа түседі.
Рауан Мыңбаев
Графика: бензин бағасы (8 қаңтар, 2024 жыл)
АИ-95
1.Иран – $0,029
2.Ливия – $0,031
3.Венесуэла – $0,035
4.Алжир – $0,342
5.Кувейт – $0,342
6.Ангола – $0,361
7.Египет – $0,405
8.Түрікменстан – $0,428
9.Малайзия – $0,441
10.Бахрейн – $0,531
11.Қазақстан – $0,539
15.Әзербайжан – $0,588
16.Ресей – $0,606
21.Беларусь – $0,715
25.Қырғызстан – $0,802
51.Өзбекстан – $1,116