Ғалымдар: тұщы су қорын 40% дейін үнемдеуге болады
2040 жылға қарай суға жаһандық сұраныс ұсыныстан 40%-ке көбейеді.
Ал алдағы 5-6 жылдың ішінде әлем жұртының 47%-і су тапшылығымен бетпе-бет келуі ықтимал. Мамандар осындай болжам айтады.
Соның салдарынан 700 миллионға жуық тұрғын босып кетуі әбден мүмкін. Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі.
Иә, қазір әлемде 2,5 миллиард адам сапалы ауызсуға қол жеткізе алмай отыр. Ғалымдар: «тіршілік нәрін рәсуаламай, орнымен қолданса, тұщы су қорын 40% дейін үнемдеуге болады», - дейді.
Аңқасы кепкен аймақтар
Халық саны көп елдерде ауызсу тапшы. Мәселен, Үндістанның кедей тұрғындарын күнделікті су мәселесі мазалайды. Олар әрбір күнін «су таппай қаламын ба?» деген күмәнмен өткізеді. Тазасы қайсы, ласы қайсы? Оның сапасына қарап жатқан ешкім жоқ. Су тапшылығы африкалықтардың да бас ауруына айналғалы қашан. Зимбабве астанасы Харареде былтыр жыл соңында тырысқақ ауруы өршіп, 50 адам көз жұмған еді. 7 мыңнан астам адам ауру жұқтырған. Аурудың таралауына елдегі ауызсу тапшылығы түрткі болған. Халық ішуге жарамсыз суды пайдалануға мәжбүр. Қызыл крест ұйымы дерт дендесе, елдің бүкіл аймағына, тіпті өзге елдерге таралуы мүмкін деп ескертті.
Мачариа Мунене, профессор:
- Климаттық дағдарысқа байланысты кей өңірлерде өмір сүру мүмкін емес. Халық тамақ пен ауызсу іздеп, өзге елдерге босып кетті. Азық-түлік пен таза су тапшылығы мәселесінің өзектілігі жыл өткен сайын ушығып барады.
Жалпы Жер бетіндегі аурудың 80%-і сапасыз судан болады. Жыл сайын лас судан 3 миллионға жуық адам көз жұмады. «Өлі суды» тұрақты түрде тұтынушылар біршама уақыттан кейін бауыр, бүйрек және тағы да басқа дерттерге шалдығады.
Суды үнемдеудің озық тәсілі
Ал дамыған елдердегі жағдай қалай? Жапонияда суды үнемдеу әдістері барлық салада қолданылады. Бұл мемлекетте ванна, душ құралдары да суды тиімді пайдалануға негізделген ерекше әдістермен жасалған. Мысалы, жергілікті бір компания адам жуынғанда су аз мөлшерде құйылса да, мол аққандай әсер беретін душ құралын жасап шығарды. Мұндай сантехникалық жабдықтың арқасында аққан су ауамен араласады, нәтижесінде оның көлемі көбейеді де, су 35%-ке үнемделеді.
Жапония ғалымдары тек өз елінде емес, су сапасын жақсарту мен оның тапшылығын жою мақсатында әлемнің көптеген мемлекетінен суды тазартудың ерекше амал-тәсілдерін ұсынып отыр. Оның ішінде табиғи жолмен сүзгіден өткізетін қарапайым амалдар да бар. Мысалы, суды ферменттелген соя бұршақтарымен тазартуға болады екен. Соя бұршағының құрамындағы γ-полиглутамин қышқылы суға түскенде ыдыстың түбіне түйдектелген масса түзіліп, артық элементтер төмен шөгіп, су тазарады.
Су технологияларына сұраныс көп
Барселонада Еуропадағы ең ірі тұзсыздандыру зауыты орналасқан. Ол Жерорта теңізінен тұщы су бөліп шығарады. Зауыт директорының айтуынша, бұл – экологиялық таза әдіс.
«100 литр тұзды судан біз 45 литр тұщы су аламыз. Қазір бұл тұзсыздандыру зауыты Барселонаға қажет таза судың шамамен 20%-ін өндіреді», - Карлос Мигель, зауыт директоры.
Ал Қытай былтыр су ресурстарын қорғау жобаларын 169 миллиард доллар инвестиция құйды. Қаражат ауылдардағы су құбыры желілерін кеңейтуге және егістіктерді суару жүйелерін салуға бағытталған.
Су ағыл-тегіл, тегін жатқан дүниедей көрінетіні рас. Алайда судың да сұрауы бар екенін естен шығармаған жөн, - дейді сарапшылар.