Иран Сирия мен Иракты не үшін атқылағанын түсіндірді
Иран тарапы Сирия мен Иракқа жасалған шабуыл мақсатын түсіндірді.
Ресми мәлімдеме бойынша, бұл - "Ислам мемлекеті" тобының нысандары мен Израиль барлау штабына жасалған шабуыл.
Алайда, Ирак билігі бұл оқиғаны "егемендікке қарсы агрессия" деп атады. АҚШ, Франция және Ұлыбритания да зымыран соққыларын айыптап отыр.
Иран тарапынан жасалған зымыран шабуылына қарсы наразылықтарын білдіру үшін жүзден астам тұрғын Ирактағы Біріккен Ұлттар ұйымы базасының алдына жиналды.
Жиналған жұрт халықаралық қауымдастықтан Тегеранға қарсы шара қолдануды сұрайды.
Елдің солтүстігіндегі Эрбил қаласына жасалған зымыран соққысынан 4 адам қаза тауып, тағы 6-уы жараланды.
"Рейтер" агенттігі қаза тапқандар арасында танымал күрд бизнесмені Пешвар Дизайи мен оның отбасы мүшелері барын айтады. Иран әскері бұл шабуыл жуырда Керман қаласында болған лаңкестік әрекетке қарымта ретінде жасалғанын мәлімдеді.