Францияда бала күтіміне реформа жасалады
Франция билігі бала туу көрсеткішін көтере алмай бас қатыруда.
Елдегі туу көрсеткіші екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең төменгі деңгейге жеткен. Мәселен, 2023 жылы 678 000 сәби дүние есігін ашқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға аз. Президент Макрон бала күтімі демалысын қысқа, бірақ ыңғайлы мерзімге ауыстыру маңызды екенін айтты. Сондықтан енді жаңадан ата-ана атанғандар алты айлық демалысқа шыға алады. Жәрдемақы төленетіндіктен анасымен қоса әкесі де декреттік демалыс алып, нәрестеге бар уақытын арнай алады. Айта кетерлігі, Еуропа елдерінде Германия, Италия, Испанияда бұл мәселе өткір тұр. Ресми Париж демографиялық ахуалды көрші елдердегідей ушықтырып алмас үшін осылай алдын алмақ.
Дональд Трампқа жаңа айып тағылды
АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трампқа қатысты тағы да айып тағылды. Бұл жолы америкалық жазушы Элизабет Джин Кэрролл шағымданған. Жазушы өз кітабында "90-жылдары Трамп тарапынан көрген зорлығы" туралы жазыпты. Енді, осы әрекеті үшін өтемақы төлеуін талап етуде. Ал Дональд Трамп өз кезегінде Нью-Гэмпширдегі сайлау науқанының апталығына дайындалып жатыр. Экс-президентті екі бірдей штат "2021 жылы жақтастарын бүлікке айдап салды" деген айыппен праймеризден шеттетіп тастады. Дегенмен, Айова штаты тұрғындарының басым бөлігі Трампқа қолдау танытты.
Google жүздеген қызметкерін жұмыстан шығарады
Алпауыт Google компаниясы жүздеген қызметкерін жұмыстан шығарады. Қаңтар айын қысқартудан бастаған компания бұл әсіресе жарнама сату тобына қатысты шешім, деп отыр. Жалпы жыл соңына дейін 12 мың жұмыс орнын қысқарту жоспарланыпты.
Көп жылдық қақтығыстар мен бітпейтін санкциялар салдарынан Сирия халқын аштық жайлады.
БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының мәліметтері бойынша, 12 млн 900 мың сириялық, яғни ел халқының жартысынан көбі ас-суға зәру. 2011 жылы басталған қарулы қақтығыстан елде экономикалық хаос туындады. Дүниежүзілік ұйым сарапшылары дабыл қаққанымен, елдің жағдайы еш оңалмай тұр.
Сымбат Молдатай