Әлемде табиғи апат көбейіп барады
«Апат айтып келмейді» деген бар.
Әсіресе жанартау, зілзала, дауыл, қар көшкіні, сел, топан су тәрізді табиғи апаттарды дәл болжау оңай емес әрі алдын алу қиын. Сөз жоқ, түрлі зерттеулер, бақылаулар арқылы жер бетінде болатын түрлі табиғи апат қаупін болжауға болады. Кейде қар көшкінін жарылыс арқылы қолдан жасап, алдын алуға, арнайы бөгеттер әзірлеп, су тасқынына қарсы даярлануға мүмкіндік бар. Бірақ жер сілкінісінің қашан болатынын болжау мүмкін емес, оның зардабын азайтуға бағытталған әрекет жасау да ұзақ уақыт пен мұқият қадағалауды, мол қаржыны қажет ететін іс. Жалпы жер бетінде зілзала жиі болып тұратын аймақтар бар. Ғалымдар оны баяғыда-ақ анықтап қойған. Дегенмен осы аймақтарда қуатты жер сілкінісі нақты қашан болатынын ешкім де айта алмайды.
Цитата
Насух Махруки, «Акут» іздестіру және құтқару қорының президенті:
«Зілзала айтып келмейді. Түркия жер сілкінісі қаупі жоғары аймақта орналасқандықтан, одан келер қауіп-қатерлермен бірге өмір сүріп үйренуіміз керек. Кахраманмараштағы апат соны көрсетті. Сол себепті зілзала кезінде үрейге бой алдырмай, дұрыс әрекет ету қажет».
Естеріңізде болса, былтыр Түркия мен Сирия аумағында жойқын жер сілкінісі тіркелген еді. Ауқымы зор апаттан сол кезде 50 мыңнан астам адам опат болды. 120 мыңдай азамат жоғалып кеткен еді. Ал жуырда Жапония да жаратылыстың қаһарына тап болды. 220-ден астам көз жұмып, шамамен 200 азамат із-түзсіз жоғалып кетті. Үй-күйсіз қалған 20 мыңдай адам спорт мектептері, қоғамдық мекемелер мен уақытша ғимараттарды паналады. Олардың жартысына жуығы зейнет жасындағылар.
АҚШ-тың геология қызметі келтірген мәліметке сәйкес, жойқын зілзалалар жер бетінде жыл сайын тіркеледі. Статистика бойынша қуаты 7 балдан асатын жер сілкінісі 1 жылда кемі 10-12 рет орын алады екен. Магнитудасы 5 асатындары тіптен көп. Мыңдап санауға болады. Ал зілзаладан басқа апат түрлері қаншама?! Күн сайын біреуі тіркеліп жатады. Сөзімізге дәлел болсын, кеше ғана Қытайда лай көшкіні жүріп, 11 адам опат болды. Мыңнан астам тұрғын із-түзсіз жоғалып кетті. Өңір таулы аймақта орналасқандықтан іздестіру-құтқару жұмыстары қиынға соғып жатыр. Жергілікті полицияның мәлімдеуінше, қазірге дейін 500-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілген.
Исландияда жанартаудың атқылауы қаупі, жұрттың мазасын қашырып жатыр. Сарапшылар жер астында магма, яғни отты сұйық заттың тоқтаусыз ағып жатқанын айтады. Ол жер бетіне кез келген уақытта атып шығуы мүмкін.
Рикке Педерсен, жанартауды зерттеу орталығының басшысы:
«Жанартауға қатысты жағдай бір сәтте өзгеруі әбден мүмкін. Жер қыртысындағы жіктер ұлғайып барады. Бұл жырықтардың үстінде тұтас елді мекендер бар».
Лавадан қорғану үшін жақын маңдағы елді мекендердің маңайына құмнан қабырға тұрғызылды. Бірақ бұған дейін атқылаған от 3 үйдің күлін көкке ұшырған. Арнайы мамандар қазіргі жағдайды жіті бақылап отыр. Айта кетейін, Гриндавик елді мекенінің жанындағы жанартау 18 желтоқсанда оянды. Содан бері қауіп сейілген емес. Мамандар "әне-міне атқылайды" деп күтіп отыр.
Жалпы Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамы бойынша 2030 жылға қарай жер бетінде орман өрті, лай көшкіні сияқты табиғи апаттар күн сайын дерлік тіркеледі. Соның салдарынан миллиондаған адамның өміріне қауіп төнеді.