Қытай билігі елге кіру үшін виза рәсімдеу процесін жеңілдетті
Енді шетелдіктерге 24 сағаттық тікелей транзит кезінде шекаралық бақылаудан өтпесе де болады.
Қонақүйлерді алдын ала брондау және бизнес лицензиялары сияқты құжаттар да талап етілмейді. Бірақ ол үшін ресми платформаларда мәліметтері қол жетімді болуы тиіс. Сонымен қатар дәлелді әрі нақты себебін көрсетсе қайта кіруге де өтініш бере алады. Жаңа саясат өзге елдің азаматтарына қолайлы жағдай жасап, туристерді көптеп тартуға бағытталып отыр. Қытай Ұлттық көші-қон әкімшілігінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы бұл елге кіру және шығу сапарлары 266 пайызға артып, 424 миллионға жеткен.
Чжан Нин, ҚХР Ұлттық көші-қон әкімшілігінің ресми өкілі:
- Ұлттық көші-қон әкімшілігі шетелдіктердің Қытайға кіруін жеңілдету үшін бірқатар шараны жүзеге асырды. Әсіресе порт визаларына өтініш беру шарттарын жеңілдетуге баса мән беріледі. Осы арқылы Қытайда жұмыс істеу, оқу және өмір сүру үшін тиімді және ыңғайлы қызметтер ұсынылады. Бұл өзге ел азаматтарының кіру арналарын одан әрі кеңейтуге бағытталған.