Орталық Азиядан барғандар заңсыз миграция жанжалына ілікті
2023 жылы Түркиядан Италия жағасына барлығы 7153 мигрант жеткізілген.
Әрқайсысы теңізден өту үшін 8 мың еуро төлеген. Бұл 4 миллионға жуық теңге. Мамандар Түркияда ескекшілерді алдап, заңсыз жұмысқа тартатын арнайы қылмыстық топтар бар дейді.
ЦИТАТА: Ескекшілерді қамауға алу Еуропаның нәсілшілдік шекара саясатының негізгі құралы. Қазір Италияда осындай қылмыс түрімен сотталған 1 мыңнан астам адам түрмеде отыр. Олардың қатары көбеймесе, азаймайды. Адамгершіліктен жұрдай бұл заңның күшін жою қажет. Ришар Брауде, Италияның Arci Porco Rosso ұйымының өкілі
Италия билігі қайықты жүргізіп келген күдіктіге мигрантты заңсыз қоныс аударуға азғырды және сол іске көмектесті деген айыптар тағады. Ескекші кемінде 15 жылға сотталуы мүмкін. Ал жолаушылар теңізде ажал құшса, өмір-бақи түрмеде отыру жазасына кесілмек.
ЦИТАТА: Көптеген ескекшілер қайықты жүргізуге келіскен кезде оның ауыр салдары мен заң алдындағы жауапкершілік туралы мүлде білмейді. Бұлар 19-20 жастағы адамдар. Италия соты олардың да қылмыстық топтардың құрығына түсіп қалған ашықауыздар екенін ескере бермейді. Орталық Азияның бірнеше азаматы ақша табу үшін 1 аптаның ішінде қайық есуді үйреніп алған. Олеся Дзедзинская, италиялық адвокат
Күніне 27 қырғыз азаматы шетел асады
Қырғызстаннан күніне 27 азамат күнкөріс үшін шетелге кетеді. Бұл Халық санағы бойынша дүниежүзілік бюроның мәліметі. Негізі бауырлас елдің тұрғындары жұмыс іздеп Ресей, Түркия және біздің Қазақстанға келеді екен.
ЦИТАТА: Осыдан 10 жыл бұрын Қырғызстанда жұмыс табу өте қиын еді. Ал қазір екі қолға бір күрек табылады. Бірақ адамдар туған еліндегі жалақыдан да жоғары табыс табу үшін шетелге әлі де кетіп жатыр. Бермет Молдобаева, Халықаралық көші-қон ұйымының Қырғызстандағы өкілі
Жыл басталмай жатып, Жерорта теңізінде жүзге жуық мигрант ажал құшқан немесе із-түссіз жоғалып кеткен. Бұл өткен жылдың қаңтар айындағы көрсеткіштен 2 есе жоғары. Жерорта теңізі арқылы өтемін деп бақилық болғандар саны жыл санап өсіп келеді. 2021 жылы 2048 босқын көз жұмса, алдыңғы жылы құрбандар қатары 363 кісіге көбейген. Ал былтыр "қаралы тізім" тағы 1 мың адамға артқан.
Жерорта теңізінде көз жұмған мигранттар саны
2021 жылы - 2048 адам
2022 жылы - 2411 адам
2023 жылы - 3041 адам
2023 жылдың 1 қазанында ғана жұмысқа кіріскен Халықаралық көші-қон ұйымының басшысы "Мигранттар негізі қабылдаушы мемлекеттерге көп пайда келтіреді" дейді.
ЦИТАТА: Бір мигранттың ажал құшуы орыны толмас шығын. Құрбандар мен жоғалғандар туралы үнемі шығып жатқап ақпарат бізді қатты ойландыруы керек. Бұл үшін мигранттардың теңізден өту жолдарын қатаң бақылауға алуымыз керек. Мәселені шешудің төте жолы осы. Эми Поуп, Халықаралық көші-қон ұйымының бас директоры
Нью-Йоркте мигранттардың шатыр қалашығы бар. Онда 3 мың келімсек тұрады. Олар күркеден әлемге әйгілі Манхэттеннің зәулім үйлерін көріп жатады. Кейбір пысық мигранттар шатырлардың жанында арзан шай, кофе, темекі, киім-кешек сататын жайма базар ашып алған. Бірақ мұнда тамақ істеуге рұқсат жоқ. Жақында төбелес болып, Венесуэладан келген 24 жастағы жігіт соққыға жығылып, көз жұмды. Бірнеше күдікті қамауға алынған.
"Өте суық. Нью-Йорк үкіметі бізге баспана берер емес. Жұмысқа да тұра алмай жатырмыз."
Дэвид Гиффен, "Үйсіз адамдар коалициясының" өкілі:
"Бұл адамдар қауіпсіз, лайықты тұратын орынмен қамтамасыз етілуі керек. Бұл - олардың конституциялық құқығы. Бірақ Нью-Йорк әкімшілігі әр түрлі шектеулер мен кедергілер туындатып отыр. Бұл адамдар біздің қоғамның бір мүшесіне айналамыз деген үмітпен келіп отыр. Бірақ біз оған мұрсат бермей отырмыз."
АҚШ мигранттар саны бойынша әлемде бірінші орында тұр. Сондықтан болар көші-қон мәселесі биыл өтетін президент сайлауының басты тақырыбына айналды. Қайта сайланудан үміткер Дональд Трамп "Ақ үйге қайтып келсем, бірінші кезекте заңсыз мигранттарды еліне жаппай депортациялап, сосын шекараны тарс жабамын" деп уәде беріп отыр.