Ауғанстандағы жер сілкінісіне 100 күн толды
Ауғанстанның Герат провинциясында болған жойқын жер сілкінісіне бүгін 100 күн толды.
Зілзала салдарынан 1500-ге жуық адам опат болып, 2100-ден астам кісі зардап шеккен. 6 елді мекен жермен-жексен болды. Мыңдаған үй мен емдеу мекемелері, мектептер қирады.
Бұл – Ауғанстанның батысындағы Герат провинциясы. Жергілікті халықтың басым бөлігі апаттан кейін осындай шатырларда өмір сүруге мәжбүр. Ауғандардың ахуалына алаңдаушылық білдірген БҰҰ тұрғындарды тұрақты гуманитарлық көмекпен қамтамасыз етіп отыр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлі күнге жергілікті халыққа медициналық жәрдем беріп, психологиялық қолдау көрсетіп жатыр.
Сайед Або, ДДСҰ төтенше жағдайлар жөніндегі қызметкер:
- Жер сілкінісінен жапа шеккен 8 ауданда біздің ұйым 12 медициналық орталық құруға атсалысты. Онда тұрғындарға амбулаториялық-емханалық қызмет, ана мен бала күтімі, психикалық және психо әлеуметтік қолдау, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіледі.
Табиғи апат болған күні-ақ халықаралық ұйым оқиға орнынан табылып, тұтас аймаққа алғашқы көмек көрсете бастаған. Бүгінге дейін қауымдастық 20 серіктесімен бірлесіп, 103 мыңға жуық тұрғынды қабылдады. Әсіресе табиғи апат кезінде ең көп жапа шеккен әйелдер мен балаларға қолдауы ерекше.
Сайед Саиди, Герат қаласы денсаулық сақтау бөлімінің басшысы:
- Әр медициналық орталықта біз күніне 80 адамға дейін қабылдап, ана мен бала денсаулығы бойынша қажетті қызметтерді ұсынамыз. Сондай-ақ ыстық тамақпен де қамтамасыз етіп жатырмыз.
Қазір аймақта жұқпалы инфекцияның таралу қаупі жоғары. Ауруды ауыздықтау үшін тұрғындарды вакцинациялау жұмыстары жүргізілуде. Ұйымның көмегімен 34 мың адамға дертке қарсы екпе егілді.
Шокрия, жергілікті тұрғын:
- Бұған дейін біз сырқаттанып қалсақ, емдеу мекемелеріне жете алмайтынбыз. Өйткені орталықтар ауданнан тым қашық орналасқан еді әрі қаражат жағы да қиынға соғатын. Қазір ауылымызда медициналық орталықтар бой көтерді және бізге ақысыз көмек көрсетіліп жатыр. Біз үшін өте қуанышты жаңалық.
Қиын-қыстау кезеңде қол ұшын созған халықаралық ұйымдар енді аймақты қалпына келтіру жұмыстарына белсене кіріскен. Бірақ баспана мәселесі тезірек шешілмесе, қыстың ызғары тұрғындардың жағдайын одан әрі ушықтыруы мүмкін, - дейді сарапшылар. Сол себепті БҰҰ әлем елдерін Ауғанстанның болашағына бейжай қарамай, үздіксіз қолдауға шақырды.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева.