Әлем елдерінде күн райы бұзылып тұр
Әлем елдерінде де күн райы бұзылып тұр.
АҚШ-тың 4 бірдей штатына қалың қар түсіп, бірнеше көлік апаты тіркелді. Ал Австралияда дауыл соғып, оның соңы орман өртіне ұласқан. Жапа шеккендер бар. Индонезия мен Тынық мұхитындағы Тувалуда тасқынның кесірінен президент пен премьер-министр сайлауы кейінге шегерілді. Құбылмалы ауа райының салдары жайлы келесі топтамада.
Қалың қар жауып, қозғалыс шектелді
АҚШ-тың солтүстік-шығысында қатты дауыл соғып, қалың қар түсті. Салдарынан Нью-Йорк, Массачусетс, Коннектикут және Род-Айленд штаттарында көлік қозғалысы қиындап, жүріс шектелген. Нью-Гемпширде кептелістен көлік апаты болып, 1 адам көз жұмды. Аймақтарда мыңнан астам әуе рейсі кейінге шегеріліп, білім ұйымдары уақытша жұмысын тоқтатты. Кей жерлерде электр желілері істен шығып, тұрғындар жарықсыз қалған.
Джон Хансен, Фремонт қаласының тұрғыны:
- Кей жерлерде қалың қардың соңы су тасқынына ұласып, қиын болып жатыр. Жел де күшейіп кетті. Табиғаттың мұндай тосын мінезін бұрын-соңды көрген емеспін. Қатты алаңдап отырмыз.
Дауылдан 500 мың үй жарықсыз қалды
Австралияның Виктория штатында қатты дауыл тұрып, электр желілері істен шықты. Қазір аймақта 500 мың үй жарықсыз отыр. Кей жерде орман өртеніп, 1 адам опат болды. Тағы 5 өрт сөндірушіге зақым келген. Теміржол, көлік қозғалысы шектеліп, мектептер мен балабақшалардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Метеорологтар: «алдағы күндері дауылдың беті қайтуы мүмкін, бірақ қауіп әлі сейілген жоқ», - дейді.
Джаcинта Аллан, Виктория штатының премьер-министрі:
Синоптиктер кеше апатты ауа райы болады деп болжады. Айтқаны айдай келді. Басында күн қатты ысығанымен, артынан дауыл соғып, найзағай ойнап, селдетіп жаңбыр жауды. Қазір экстремалды ауа райы тіркелген аудандардағы тұрғындарға барынша көмек көрсетіліп жатыр.
Тасқын сайлауға кедергі келтіруі мүмкін
Индонезияның солтүстігін су басты. Алапат тасқыннан әсіресе Демак елді мекені қатты зардап шекті. Жүздеген үй мен ғимарат су астында қалып, тұрғындар жарықсыз отыр. Жергілікті биліктің хабарлауынша, табиғи апаттан жапа шеккен 20 мыңнан астам тұрғын бар. Кей жерлерде тасыған судың деңгейі 3 метрге дейін жетеді. Табиғат апатының кесірінен тұрғындар елдегі Президент сайлауына қатыса алмайтын болды. Саяси науқан 15 ақпанға жоспарланған.
Ахмад Рифаи, дауыс беру комиссиясының жетекшісі:
- Бірнеше елді мекенде электр қуаты әлі жұмыс істеп тұрған жоқ. Соның кесірінен тұрғындар дауыс беру процесі туралы ақпаратқа қол жеткізе алмай отыр. Кей ауылдарда дауыс беру учаскелері су астында қалған.
Тувалу су астында қалды
Тынық мұхитындағы шағын мемлекет Тувалуда да осыған ұқсас жағдай. Мұнда тропикалық циклон жүріп, тұтас аймақты су басқан. Жүздеген үй су астында қалып, инфрақұрылымға нұқсан келген. Билік елде төтенше жағдай жариялап, халықаралық қауымдастықтардан көмек сұрады.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева.